Аудандық “Жалын” мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты жиынның шымылдығын аудан әкімі Нұрым Мусин ашып, шара қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады. Аудан басшысы атаулы күннің тарихына тереңірек тоқталып, өзіндік маңыздылығын атап өтті. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған бірқатар ардақты жандар марапат төрінен көрінді.

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қожантай Сдихов, Әжелер кеңесінің төрайымы Күләш Лотқызы, Аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хамзақызы, Әкелер кеңесінің төрағасы Ұзақбай Құрметұлы, Билер кеңесінің төрағасы Аманжан Ибатұлы және қоғамдық медиатор Гүльбану Ружанқызы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл – ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық тұрақтылық жолындағы еңбектің лайықты бағасы еді.

Келесі құттықтау сөз аудандық мәслихатының төрағасы Аманжол Рахметовке беріліп, өз сөзінде қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Осы орайда Жастар ресурстық орталығының тазалықшысы Насибила Саттапқызы мен Қызылүй жалпы білім беретін негізгі мектебінің аспазшысы Айғаным Нәсіпқалиқызына мәслихат төрағасының алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ Исатай ауданының құрметті азаматы, өзге ұлт өкілі Зелимхан Зубариев сөз сөйлеп, Қазақстандағы достық пен татулықтың құндылығына тоқталды.

Мерекелік кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, күмбірлеген күй орындалып, әуелеген әсем ән шырқалып көрермен көңілін тербеді.




