Аналарға – ел құрметі

 

Отбасы – қоғамның негізі. Бала тәрбиесі мен ата-анаға құрметтің маңызы жаңа Конституцияда да айқындалып, ата-ананың бала алдындағы, баланың қартайған ата-анасы алдындағы жауапкершілігі нақты бекітілді. Бұл – отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Осы құндылықтарды дәріптеп, көпбалалы аналарға құрмет көрсету мақсатында ауданда салтанатты шара өтті. Жиында Мемлекет басшысының Жарлығымен көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.

Жыл басынан бері ауданда 6 ана «Алтын алқа», 19 ана «Күміс алқа» иеленді. Қазіргі таңда тағы 6 ананың құжаттары қаралуда.

Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин көпбалалы аналарды марапаттарымен құттықтап, бала тәрбиесіндегі еңбектеріне алғыс білдірді.

– Нәзіктік пен қайсарлықты қатар алып жүрген аналарымызға ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектері үшін алғыс білдіремін. Бұл отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздар елге қызмет ететін азамат болып өсетініне сенемін. Аналарымыз аман болсын! – деді аудан әкімі.

Шара барысында Қамысқала ауылынан Назгүл Жүнісоваға «Алтын алқа» табысталды. Ол жолдасы Бағдат Тасимовпен бірге бес ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Өнегелі отбасы бүгінде жеке кәсіппен айналысады.

Жеті баланың анасы өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, мемлекет тарапынан отбасы мен демографияны қолдауға бағытталған жұмыстарға алғысын жеткізді.

– Мемлекетіміздің дамуы мен гүлденуіне, Қазақстан демографиясының өсуіне жағдай жасап жатқандары үшін алғыс білдіремін. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік. Елімізде әр отбасыға береке, әр балаға бақыт тілеймін, – деді Назгүл Жүнісова.

 

Сондай-ақ Альфия Даутова, Алтыншаш Сатаева, Гүлшара Жоламанова, Нұрғайша Сүндетқалиева, Ботакөз Хайрсапина «Күміс алқа» иегері атанды.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де сөз алып, аналарға ізгі тілегін білдірді.

– Баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеу – үлкен еңбек. Ол үшін ананың денсаулығы мен отбасының жағдайы маңызды. Дені сау анадан дені сау ұрпақ өседі. Сондықтан барлық аналарға амандық, мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеймін. Ауданымыздың демографиясы арта берсін, – деді ол.

Салтанатты шараға аудан әкімінің аппаратының басшысы Арманбек Махмудов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, қоғамдық кеңес төрағасы Самат Есенов, аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы Жәнібек Ещанов, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Көпбалалы аналарға берілген мемлекеттік наградалар – олардың бала тәрбиесіне қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі. Отбасындағы тәрбие мен ата-анаға деген сыйластық ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда ғана қоғамның да негізі нығая түседі.


Жұлдыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT