Анель - Қазақстан чемпионы

 

20–23 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында спорттық самбодан 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Еліміздің әр өңірінен жиналған 550-ден астам жас спортшы боз кілемде бақ сынап, өз шеберліктерін паш етті.

Аталған дүбірлі додада «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының түлегі, жерлесіміз Анель Серікқали ерекше өнерімен көзге түсті. 72 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол төрт бірдей белдесуде қарсыластарынан басым түсіп, нағыз чемпионға тән табандылық пен қайсарлық танытты.

Бұл жеңіс – тек бір спортшының жетістігі ғана емес, жүйелі еңбектің, тынымсыз жаттығудың және білікті бапкердің жемісі. Жас чемпионның жеңісті қуанышын оның бапкері Эльдар Сатанов мақтанышпен жеткізді.

– Шәкіртім алғашқы кездесулерінде Қызылорда облысы мен Алматы облысының спортшыларын айқын жеңді. Жартылай финалда алматылық өкілді тізе бүктірсе, финалда түркістандық палуанды сенімді түрде ұтып, ел чемпионы атанды. Жеңіс оңайлықпен келмейді, сондықтан бүгінгі жеңісіміз көп жылғы еңбегіміздің ақталғаны деп білемін, – деді ол өз сөзінде.

Айта кетейік, осы жарқын жеңістің нәтижесінде Серікқали Анэль Ақтау қаласында өтетін Азия чемпионатына, Грекияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл – жас спортшы үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа белестерге бастар мүмкіндік болмақ.

Аудан мен өңір намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды биікке көтерген жас чемпионға алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT