Ардагер ұстаз – ғасыр құрдасы

 

Ғасырлық ғұмыр белесі... Бұл – ардагер ұстаз Жұмашева Әмина Жұмашқызының өнегеге толы өрнекті өмір жолы.

Өткен жүзжылдықтың жиырма алтыншы жылы сол кездегі Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Орпа ауылында дүниеге келген Әмина Жұмашқызының бұл ғұмыр белесі - уақыттың ғана өлшемі емес, даналықтың, төзімнің, еңбекпен өрілген өмірдің шежіресі деуге толық болғандай. Дүниені шарпыған екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1943 жылы жетіжылдық мектепті тәмамдаған жас қыз елдегі қалыптасқан қиын жағдайға байланысты сол жылғы қыркүйектен бастап бастауыш мектепте оқытушылық қызметке кірісті. Осылайша бастау алған осы бір ұлы қызмет кейін оның өмірлік ісіне айналды. Еңбек ете жүріп педагогикалық білім де алған Әмина Жұмашқызының бұл баянды сүрлеуі М.Горький атындағы орта мектептен зейнеткерлік демалысқа шыққанынша жалғасты.

Сол бір жылдар белесінде талай жүздеген шәкірт алдынан өтіп, үлкен өмір көшіне ілескен Әмина апай, енді міне, биыл 100 жасқа толып отыр. «Күнде-күнде жүзге келіп жатыр кім...» деп ақын жырларында да айтылатындай, оның бұл мерейлі сәтін ұрпақтарынан бастап барша шәкірттері, әріптестері мен ауылдас-тары, басқа да ол кісіні білетіндер елеусіз қалдырмай ізгі тілек пен игі ниеттерін білдіре құрмет көрсетуде. Ал мұның бір сыры тек ұзақ жасауында емес, ел болашағы – жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында бір кісідей қызмет қылған ұстаздық еңбекте, жары Зинет Қабышұлымен бірге ұлағатты ұрпақ өрбіткен аналық, әжелік жолында, адалдықты ту еткен адамдығында, бүгінде баталы жан атандырған болмысында жатқаны аян.

 

 

Өткен бейсенбі күні аудан басшысы ретіндегі өзінің шынайы құрметі мен барша жерлестерінің ыстық ықыласты сәлемін арнайы жеткізе барған аудан әкімі Нұрым Мусин де бүгінде Атырау қаласында тұрып жатқан ардагер ұстаздың отбасында болды. Жылылық лебі ескен жүздесуде аудан әкімімен бірге аға буынның алғысты ниеті мен әріптестерінің ақ тілеуін арқалай жеткен аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасы Ерболат Насимуллин және аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да болды. Әмина Жұмашқызына бар игі тілектерін арнап, сый-сияпаттарын табыстаған аудан басшысы мерейгерді облыстық ардагерлер кеңесінің «Ардақты ана» төсбелгісіне ұсынғандарын да жеткізді. Осынау құрметке бек риза болған ғасыр құрдасы ақ батасын берді. Аталған төсбелгі ұрпақтарының ұйымдастыруымен өткен мерейтой қуанышында салтанатты жағдайда табыс етілгенін де айта кетуді артық көрмедік.


Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT