Ардагер ұстаздар бас қосқан форум

 

Ұстаздық – уақыт сынынан сүрінбей өтіп, жылдар өткен сайын қадірі арта түсетін қастерлі мамандық. Ұстаздың еңбегі атқарған қызметімен ғана емес, шәкіртінің бойына сіңірген білімі мен тәрбиесі, қоғамға қалдырған өнегесімен өлшенеді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласының дамуына үлес қосқан ардагер педагогтердің еңбегін ұлықтау мақсатында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің Исатай аудандық комитеті филиалының» ұйымдастыруымен «Ұстаздар ұлағаты – ұрпаққа аманат» атты ІІ аудандық форум өтті.

 

 

Қариялар күні мен Ұстаздар күніне орай аудандық Өнер мектебінде ұйымдастырылған форумға білім саласының 100-ге жуық ардагері мен жас педагогтер қатысты. Басқосу өмірден өткен ұстаздар мен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан жас сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Бұл сәт жиынның мазмұнын тереңдете түсіп, адам өміріндегі жауапкершілік пен азаматтық парыздың мәнін тағы бір аңғартты.

 

 

Форумның негізгі өзегі – ардагерлерге құрмет көрсету ғана емес, олардың кәсіби тәжірибесін бүгінгі білім беру үдерісімен сабақтастыру. Өйткені білім саласы жаңарған сайын оқыту тәсілдері өзгергенімен, ұстазға қойылатын басты талап – сапалы білім беру, саналы тәрбие қалыптастыру және шәкірт бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру міндеті өзгермейді. Осы тұрғыдан алғанда, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жас мамандардың ізденісін ұштастырудың маңызы зор.

 

 

Аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы Әлия Фазылқызының қатысуымен өткен сыр-сұхбат алаңы осы мәселелерді кеңінен қозғады. «Ардагер тәжірибесі – сапалы білімнің тағылымды мектебі», «Ұлттық тәрбие – ұрпаққа аманат», «Педагог мәртебесі – білім сапасының негізі» тақырыптары аясында өрбіген әңгімеде ұстаздық жолдың жауапкершілігі, ұлттық тәрбиенің маңызы және педагог мәртебесінің білім сапасымен байланысы сөз болды. Кәсіби тәжірибеге сүйенген пікір алмасу ұстаздықтың мәні тек білім үйретумен шектелмейтінін, оның жас ұрпақтың дүниетанымы мен азаматтық болмысын қалыптастыруда шешуші орын алатынын көрсетті. Форумның екінші бөлімінде білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагерлердің еңбегі бағаланды. 80-ге жуық ардагер ұстаз түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Әсіресе, мерейлі 70 жасқа толған педагогтерді ұлықтау рәсімі ерекше мәнге ие болды. Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ахмет Аққалидің құттықтауы бейнежазба арқылы көрсетіліп, мерейтой иелеріне құрмет грамоталары, ардагер ұстаз ленталары, гүл шоқтары мен сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында ұзақ жыл еңбек еткен өзге де ардагер қызметкерлерге құрмет көрсетілді.Аға буынның еңбегін бағалау мен кейінгі буынға жол көрсету бір арнаға тоғысқан тағы бір тағылымды сәтте ардагер ұстаздар биыл еңбек жолын бастаған жас мамандарға кәсіподақ билеттерін табыстады. 

 

 

Мерекелік бағдарламаның мазмұнын аудан өнерпаздарының өнері толықтырды. «Мирас» ардагерлер домбырашылар ансамблінің күйі мен «Қазына» би тобының «Алдар көсе» биі көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тұрар Меңдіғалиев пен Аманбек Тарихов «Ұстаз әнін» орындаса, термешілер ансамблі «Беу, Айдай» халық әнін әуелетті. Кеш соңында қатысушылар Әділбек Жұмашевтің «Ұстазым» әнін бірге шырқап, мерекелік жиынды қорытындылады.

 

 

Иә, ұстаздың жинаған тәжірибесі жас маманның кәсіби қалыптасуына тірек болса, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтар білімнің мазмұнын байытады. Сондықтан ардагерлердің өнегесін кейінгі буынға жеткізу – білім сапасы мен тәрбие сабақтастығына қызмет ететін маңызды міндет.

 

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT