Тәртіп пен заң үстемдігін ту етіп, өмірін халық қауіпсіздігіне арнаған азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Солардың бірі ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, ел тыныштығы үшін тер төккен Күмісбай Әбілхасанов бүгінде көпке үлгі болған ардагерлердің қатарында.
Құқық қорғау саласында қызмет ету үшін білім мен біліктілік қана емес, табандылық, сабыр, төзім және жоғары жауапкершілік қажет. Ел тыныштығын сақтауға саналы ғұмырын арнаған полиция подполковнигі, Исатай ауданының Құрметті азаматы Күмісбай Оразбайұлы Әбілхасанов 1940 жылғы 13 қаңтарда қазіргі Тұщықұдық ауылдық округі аумағында дүниеге келген.
Еңбек жолын кез келген ауыл баласы үшін әбден таныс сала - мал шаруашылығында бақташы болып бастаған ол 1952-1962 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Кейін 1966-1971 жылдары №25 құрылыс-монтаж пойызында товартанушы болып еңбек жолын жалғастырды да, 1971 жылы Гурьев стансасындағы желілік полиция бөліміне қызметке қабылданды.
Құқық қорғау саласындағы ұзақ жылдар бойғы қызметінде Күмісбай аға кәсіби шеберлігімен, адалдығымен және жауапкершілігімен ерекшеленді. Қызметтік жолында түрлі лауазымдардағы қызметін абыроймен атқарып, инспекторлық қызметтен аудандық ішкі істер бөлімі бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Подполковник шенімен зейнеткерлікке шыққан ардагер бүгінде көпшіліктің құрметіне бөленіп отыр.
– Полиция болу – форманы киіп, қызметіңді асыра пайдалану емес, халыққа адал қызмет ету. Қандай шенде, қандай лауазымда жүрсең де, өз міндетіңді жоғары жауапкершілікпен орындау – азамат үшін басты талап. Құқық қорғау қызметкері жұртшылық жадында адамгершілігімен, қамқорлығымен және әділдігімен қалуы керек. Тәртіп пен заң үстемдік құрған жерде полицияның да беделі артады, – дейді ардагер бізбен болған әңгімесінде.
Ардагер ағаның ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 1978 жылы «Милиция үздігі», 1985 жылы «Еңбек ардагері», 1988 жылы І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», 1990 жылы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының Құрметті ардагері», 2010 жылы «Қылмыстық іздестіру қызметіне – 100 жыл» медальдарымен марапатталды. Ал 2020 жылы оған «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
– Саналы ғұмырымды құқық қорғау саласына арнадым. Көп тәжірибе жинақтадым, жас мамандарға тәлімгер болдым. Өзімізден кейін де білікті кадрлардың қалыптасуына үлес қостық. Ең бастысы, халықтың тыныштығы үшін аянбай еңбек еттік. Талай қылмыстың алдын алып, олардың дер кезінде ашылуына атсалыстық, – дейді ардагер полицей.
Ардагер аға отбасылық өмірінде де өнегелі отағасы болды. 1967 жылы шаңырақ көтеріп, жұбайы Ханым Асанқызымен тату-тәтті жұбайлық өмірде бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сол ұрпағының қызығын көріп отырған қарияның 5 немересі мен 1 жиені бар. Ел тыныштығы мен заң үстемдігі жолында аянбай еңбек еткен ардагердің өнегелі өмір жолы жас буынға әрдайым үлгі болары сөзсіз.
Жұлдыз СЕМБИЕВА



