Ардагерлер спорттық сайыста бақ сынады

 

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ауданда «Елге еңбек – ұрпаққа өнеге» атты ардагерлер спартакиадасы ұйымдастырылды. Аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастырып, денсаулығын нығайтуға, қоғамдық ортадағы белсенділігін арттыруға бағытталған спорттық додаға ауданның ауылдық округтерінен құралған командалар қатысты.

Салауатты өмір салтының жас талғамайтынын дәлелдеген ардагерлер шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және волейболдан бақ сынады. Әр сайыста қатысушылар спорттық шеберлігімен қатар, сабырлылығы мен ептілігін, ұйымшылдығы мен өзара қолдауын көрсетті. Әсіресе волейбол бәсекесінде командалар арасындағы тартыс жоғары болды. Ал шахмат пен тоғызқұмалақта логикалық ойлау мен байыптылық сыналса, үстел теннисінде ширақтық пен дәлдік маңызды рөл атқарды.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллиннің айтуынша, мұндай шаралар аға буынның белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік берудің маңызын көрсетеді.

– Бүгінде спортпен айналысу – денсаулықты сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі. Қозғалыста болу, белсенді өмір сүру әсіресе жасы үлкен адамдар үшін қажет. Бүгінгі жарыста ауданымыздағы ең үлкен ардагерлердің бірі Оразбек Жұмабаев шахматтан шеберлігін танытты. Сонымен қатар Мәди, Кенжебай сынды ағаларымыз да белсенділік көрсетті. Алдағы уақытта ардагерлердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасалып, спорт кешендерінде олар үшін арнайы уақыт белгіленсе, бұл игі бастаманың жалғасы болар еді. Осы жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, аудандық мәдениет және спорт бөліміне, «Жалын» мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Жарыс қорытындысында волейболдан Тұщықұдық ауылының командасы бірінші орын иеленді. Аққыстау ауылының командасы екінші, Жанбай ауылының командасы үшінші орынға тұрақтады.

Жеке номинациялар бойынша «Үздік шабуылшы» аталымы Бексұлтан Мұханбетқалиға, «Үздік жалғаушы» Жанатолла Жанғалиевке, «Үздік қорғаушы» Дәурат Мырзалиевке, «Үздік ойыншы» Мұрасқали Шарапиденовке табысталды. Ал Оразбек Жұмабаев «Ең үлкен ардагер ойыншы» аталымымен марапатталса, Айкенже Оңғароваға «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлығы берілді.

Үстел теннисінен Аққыстау ауылының өкілдері Насимуллин Е. мен Төлеуғалиева Г. топ жарды. Екінші орын Тұщықұдық ауылынан Жақсыбаев М. мен Егібайқызы Т.-ға бұйырса, үшінші орынды Қамысқала ауылынан Дәулетов И. мен Байболова К. иеленді.

Тоғызқұмалақтан бірінші орынды Аққыстау ауылынан Сағынғалиев К. мен Ж. Махмутқызы иеленді. Жанбай ауылынан Аронова Т. мен Тұщықұдық ауылынан Хасанова Н. екінші орынға жайғасты.

Шахмат бәсекесінде Қамысқала ауылынан келген Бердібекова А. мен Қадыров Қ. бірінші орынға ие болды. Исатай ауылының ардагері Жұмамаев О. екінші, Тұщықұдық ауылынан Дидарова А. үшінші орын алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарыс қорытындысы көрсеткендей, ардагерлер үшін спорт – жай ғана жарыс емес, белсенді өмір салтын жалғастырудың, өзара сыйластық пен ынтымақты нығайтудың бір жолы. Елге еңбегі сіңген аға буынның осындай шараларда бас қосуы олардың өзара тәжірибе бөлісуіне ғана емес, кейінгі ұрпаққа салауатты өмір салты мен белсенді азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетуіне де мүмкіндік береді.


Жұлыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT