Арқа төсінде бой көтерген Астана – азат елдің асқақ арманы мен жасампаз рухының айқын көрінісі. Кеше ғана кең дала төсіндегі жаңа қала бүгінде әлем мойындаған заманауи мегаполиске, тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және рухани орталығына айналды. Елорданың әрбір сәулетті ғимараты, қарқынды дамуы мен жаңашыл тынысы мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің айғағындай әсер қалдырады. Сондықтан да жыл сайын 6 шілдеде аталып өтетін Астана күні – елдің еңсесі биіктеп, болашаққа деген сенімі нығайған тарихи кезеңді дәріптейтін ерекше мереке.Астана бүгінде мыңдаған жастың арманын қанаттандырған мүмкіндік мекені. Бірі білім іздеп келсе, бірі еңбек жолын бастайды, енді бірі өз кәсібін дөңгелентіп, өміріндегі ең маңызды белестерге осы қалада қадам басады. Себебі елорда – талап пен талпынысқа жол ашатын, еңбекті бағалайтын, жаңашыл ойға қолдау білдіретін, үлкен мақсаттарға бастайтын шаһар. Осындай арман қуып, туған жерден түлеп ұшып, бүгінде Астанада білім алып, өз кәсіби жолын қалыптастырып жүрген жастардың бірі – жерлесіміз Гүлсая Нұркенқызы.

Кейіпкеріміз 1999 жылы аудан орталығы Аққыстау ауылында дүниеге келген. Туған жерінде қанат қаққан ол алғашқы білімін Аққыстау орта мектебінде алып, сегізінші сыныпқа дейін сонда оқыды. Кейін білімге деген құштарлығы мен ізденісі оны Атырау қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияға жетеледі. Бұл білім ордасында химия-биология бағыты бойынша терең білім алып, ғылымға деген қызығушылығы арта түсті. Дәл осы кезең оның болашақ мамандығын таңдауға негіз қалады. Мектепті тәмамдаған соң Гүлсая елорданың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Астана медицина университетіне оқуға түсіп, бакалавриат пен интернатура бағдарламаларын сәтті аяқтады. Қазіргі таңда ол «University Medical Center» құрамындағы Ана мен бала орталығында анестезиология және реаниматология мамандығы бойынша резидентурада білім алып жүр. Биыл резидентураның кезекті оқу кезеңіне өтіп, дәрігерлік жолындағы тағы бір белесін бағындырды. Сонымен қатар өзі білім алып жатқан орталықта қызмет етіп, күнделікті тәжірибе арқылы кәсіби біліктілігін шыңдауда. Алайда Гүлсая өзін бала кезінен ақ халатты абзал жан болуды армандағандардың қатарына қоспайды. Оның айтуынша, медицинаға деген қызығушылық уақыт өте келе қалыптасқан.

– Ұлттық гимназияда оқып жүргенде химия мен биология пәндерін тереңдетіп оқи бастадым. Сол кезде медицина саласына деген қызығушылығым оянды. Ал медицина университетіне түсу туралы нақты шешімді тек 11-сыныпта қабылдадым. Университетте оқып жүргенде өзімді қай бағытта көретінімді іздедім. Үшінші курста «Жансақтау» бөлімінде жұмыс істей бастаған сәттен бастап анестезиология және реаниматология саласының қаншалықты күрделі, аса жауапты әрі маңызды мамандық екенін түсіндім. Бұл салада әр секундтың, әр қабылданған шешімнің адам өміріне тікелей әсері бар. Сол кезден бастап дәл осы бағытта еңбек еткім келетінін анық білдім және таңдауыма бір сәт те өкінген емеспін,-дейді Гүлсая.

Ал елорданы таңдауының да өзіндік себептері бар. Мектеп қабырғасынан бастап медицина саласына қызығушылық танытқан жас маман жоғары оқу орнын таңдауда да болашақ кәсібінің сапалы іргетасын қалауды басты мақсат еткен. Оның пайымынша, дәрігер үшін тек теориялық білім жеткіліксіз. Сондықтан білім мен тәжірибені қатар алып жүруге мүмкіндік беретін орта іздеуі заңды еді. Гүлсаяның айтуынша, дәл осы талаптары оны Астанаға жетелеген. Себебі елордада медицина саласы қарқынды дамып келеді. Мұнда халықаралық талаптарға сай жабдықталған медициналық орталықтар, заманауи технологиялар және өз ісінің білікті мамандары шоғырланған. Осындай ортада білім алып, тәжірибелі дәрігерлерден тәлім алу жас маманның кәсіби көзқарасын қалыптастырып, дәрігерлік шеберлігін шыңдауға үлкен ықпал еткен. Жас дәрігердің пікірінше, Астананың тағы бір ерекшелігі – оның тоқтаусыз даму қарқыны. Елордадағы жаңашылдыққа ұмтылыс, үздіксіз өзгеріс пен ізденіс әрбір жасты өз-өзін жетілдіруге ынталандырады. Бұл қалада уақытпен бірге қадам басып, жаңа білімді игермесең, кәсіби тұрғыдан өсу қиын.
– Мен үшін Астана – арманымды ақиқатқа айналдырған қала. Осы жерге алғаш оқуға келген күннен бастап өмірімнің жаңа кезеңі басталды. Бүгінде осы қалада білім алып, еңбек етіп, кәсіби тұрғыда қалыптасып келемін. Сондықтан Астананы таңдағаныма бір сәт те өкінген емеспін. Көпшілік Астананы сәулетті ғимараттарымен таниды. Ал мен үшін оның басты ерекшелігі – мүмкіндіктер қаласы екенінде. Бұл жерде ізденемін деген адамға білім де, тәжірибе де, өзін дамытуға қажетті орта да бар. Әсіресе медицина саласында үздік мамандармен бірге жұмыс істеп, күн сайын жаңа тәжірибе жинақтау – мен үшін үлкен мектеп. Әрине елорданың ауа райы қатал деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ мен оған басқаша қараймын. Астананың өзіндік мінезі, ерекше атмосферасы бар. Төрт мезгілдің әрқайсысы өзінше әдемі. Қаланың тазалығы, сәулеті, қауіпсіздігі, адамдардың еңбекқорлығы мен қарқынды өмір ырғағы маған ерекше шабыт береді. Ең бастысы – Астана маған өз армандарыма сенуді үйретті. Бұл қалада еңбектенген адамның еңбегі еленеді, талпынған адамның жолы ашылады. Осында жүріп кәсіби ғана емес, тұлғалық тұрғыдан да көп өстім деп сеніммен айта аламын.Туған күнің құтты болсын, Астана! Сен әлі талай жастың үмітін ақтап, үлкен армандарға жол ашатын қала болып қала беретініңе сенемін. Өсіп-өркендей бер, еліміздің жүрегі,-дейді Гүлсая Нұркенқызы.

Иә, бүгінде туған жерден түлеп ұшқан жас дәрігер өз білімін үздіксіз жетілдіріп, елорданың заманауи медициналық орталығында адам өміріне араша болатын жауапты мамандықты абыроймен атқарып келеді. Аққыстаудың қарапайым қызының бүгінгі жетістігі – табанды еңбектің, білімге деген құштарлықтың және мүмкіндіктер қаласы Астананың берген жолының жемісі. Арман қуған әр жастың жүрегіндегі үміт отын өшірмей, үлкен мақсаттарға жетелейтін Астана әлі де талай тағдырға бағыт-бағдар берері сөзсіз. Мәңгі жасай бер, мерейі үстем елорда! Туған күнің құтты болсын, Астана!
Еркебұлан Зинеденов



