Ашық терезеден абай болайық

 

Балалар табиғатынан қызығушылығы жоғары келеді. Әсіресе 3-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер қоршаған ортаны танып-білуге ұмтылғанымен, өз әрекетінің қаншалықты қауіпті екенін толық түсіне бермейді. Терезеден сыртқа қарау, биіктіктен айналаны тамашалау немесе терезе алдына қойылған жиһаздың үстіне шығу бала үшін ойын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бір сәттік абайсыздықтың соңы орны толмас қайғыға әкелуі ықтимал.

Балалардың терезеден құлауы көбіне ересектердің баланы қысқа уақытқа болса да, қараусыз қалдыруынан болады. «Бір минутқа ғана шығып келемін», «Бала өзі ойнап отыр» деген ойдың өзі қауіптің алдын алуға жеткіліксіз. Бала терезенің қаншалықты қауіпті екенін толық түсінбеуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік жауапкершілігін оның өзіне жүктеуге болмайды.

Ересек адам баланың қай жерде жүргенін ғана емес, оның айналасындағы ортаның қаншалықты қауіпсіз екенін де үнемі бақылауда ұстауы қажет. Әсіресе жаз айларында күн ысып, бөлмені желдету үшін терезені ашық қалдыру жиілейді. Мұндай кезде ата-аналар барынша қырағы болғаны жөн. Бала үйде болған жағдайда терезені ашық қалдырмау немесе оның толық ашылуына мүмкіндік бермейтін арнайы қауіпсіздік құрылғыларын қолдану қажет.

Кейде қауіптің өзі терезенің ашық тұруында ғана емес, баланың оған оңай жетуіне жағдай жасайтын жиһаздардың орналасуында болуы мүмкін. Кереует, диван, орындық, үстел, жәшік секілді заттар терезеге жақын тұрса, бала олардың үстіне шығып, терезеге қол жеткізуі ықтимал.

Сонымен қатар москит торына сеніп қалуға болмайды. Ол баланың салмағын көтеруге арналмаған. Бала торға сүйенген жағдайда ол опырылып, құлау қаупін тудыруы мүмкін. Сондықтан москит торын қауіпсіздік құралы ретінде қабылдау – үлкен қателік.

Баланың терезеден құлауына жол бермеу үшін ата-аналар мына қарапайым талаптарды есте ұстағаны жөн:

* үйде кішкентай бала болған кезде терезені ашық қалдырмау;
* терезе маңындағы жиһаздарды баланың терезеге шығуына мүмкіндік бермейтіндей етіп орналастыру;
* баланы терезе алдында жалғыз қалдырмау;
* терезеге арнайы қауіпсіздік бекіткіштері мен шектеуіштер орнату;
* балаға терезенің, балконның және биіктіктің қауіпті екенін жасына сай түсіндіру;
* москит торына сүйенуге болмайтынын ескерту;
* бала ойнап жүрген бөлмедегі терезелердің қауіпсіздігін үнемі бақылау.

Баланың өміріне қауіп төндіретін жағдайдың алдын алу үшін үлкен қаражат немесе күрделі әрекет қажет емес. Терезені жабу, жиһаздың орнын ауыстыру, қауіпсіздік бекіткішін орнату және баланы қараусыз қалдырмау – әр ата-ана жасай алатын қарапайым қадамдар.

Ең бастысы – қауіптің аяқ астынан пайда болмайтынын түсіну. Көп жағдайда қайғылы жағдайға бір ғана себеп емес, бірнеше ұсақ немқұрайлылықтың жиынтығы әкеледі. Сондықтан «бала мұны істемейді», «терезеге өзі жете алмайды», «мен жақын жерде отырмын» деген сенімге арқа сүйеу қауіпті. Бала өміріне келгенде сақтықтың артықтығы жоқ. Бір сәттік алаңғасарлықтың орны толмас өкінішке айналмауы үшін әр ата-ана терезе қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT