Атқа қонған арулар

ашық дереккөзден

 

Қазақтың тарихында ел басқарып, билікке араласқан әйелдер аз болмағаны белгілі. Тұмар, Зарина патшайымдар, Айғаным ханша, Бопай ханым сияқты атақты арулардың іздерін басқан бүгінгі сіңлілері де елдік істе, соның ішінде мемлекеттік қызметтің де жүгін иықтарына артып жүр. Жалпы, қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы ошағын сақтаушы ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласатыны туралы деректер аз кездеспейді.

Уақыт тегершігі айналған сайын заманалар көші жаңарып, қай-қайда да әйелдердің басшылық қызметтің тұтқасын ұстағандығы көптеп көрініс беретін болды. Қазақта отбасының ұйытқысы, ерінің сенімді серігі, ұлттың тәрбиешісі деп танылған әйелдің күнделікті тірліктегі тиянақты іс-әрекеттерін ондап санауға болар еді. Осы ретте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың « ...Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес» деген де сөзі бар. Қалай дегенде де әйелдердің қоғамдағы орны бір бөлектігіне шек келтіруге болмайды.

«Арулар аз болды ма атқа қонған...» деп әдемі әнде де айтылатындай, бүкіл еліміздегі сияқты, ауданымызда да басшылық қызметте жүріп, елге елеулі еңбек еткен мереке иелері аз болған жоқ. Кезінде аудандық партия, атқару комитеттерінде, кейінгі аудан әкімдігінде екінші, үшінші басшылар деңгейінде тер төккендер қатарында Нұржиян Абдолова, Фарида Шалимова, Нұрия Хамидуллина және басқалар болды, күні кешеге дейін аудан әкімінің орынбасары қызметінде болған Нұрғайша Абежан да солардың бірі. Басшылық жүгін арқалағандардың бір бөлігі кезіндегі кеңшарларда фермалар басқарды, ауданның білім, денсаулық, қаржы, мәдениет, басқа да салаларында іс тізгінін ұстады, қазір де сол жолды жалғастырушылар баршылық. Мәселен, бұрынғы селолық кеңестер аталынған жылдарда да Қазақстанда 1992 жылы әкімшілік институты еніп, 1993 жылы бұрынғы селолық кеңестер селолық округ аталғалы бері де ұлтанды жұртқа басшылық жасағандар арасында нәзік жандар аз болмады. Ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойына орай Алматыдағы «Сардар» баспасынан 2018 жылы жарық көрген «ISATAI aydany» шежіре кітабында олар жөнінде біраз деректер келтіріледі. Сол мәліметтерге қарасақ, Аққыстау ауылдық округін 14 адам басқарса, олардың ішінде Меңсұлу Кемелова мен Қамария Танауова, Жанбай ауылдық округінің тізгінін ұстаған 23 адамның қатарында Ақзинеп Елжанова, Оқиза Ғалымова, Хатима Дайырова, Исатай ауылдық округіне басшылық еткен 7 басшының сапында Шолпан Алсұлтанова, Ұлбосын Хисым, Қамысқала ауылдық округіне жетекшілік жасаған 28 басшының ішінде Сәбила Сәлімова, Иба Суханова, Ұлыш Сапарғалиева, Бағытжан Қыдырова, Тұщықұдық ауылдық округінде басшылық еткен 22 басшының тізімінде Рапыш Бөлекова, Мақтым Оспанова, Дина Әмірова есімдері аталады. Бүгінде бұл тізімді Зинеден ауылдық округі әкімі Айгүл Адилова мен Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова толықтыра түсті.  

«Бақ қонатын елдің қызы есті, ұлы сесті болады» дегендей, елге тұтқалыққа жараған нәзік жандарды санамалай берсек жазарымыз жалғаса бермегі анық. Олардың қатары орта түспей, елге етене қызметте үлгі-өнеге бола жүргей лайым..

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT