Биылғы жылдың маусым айында Түркия, Италия мемлекеттерінде жарты айдай болып, үлкен саяхаттан оралдық. Бейбіт өмірде отбасылық құраммен ел көру, жер көру бір мәртебе, айтарлықтай жетістік деп ойлаймын. Енді сол сапардан көргенім мен білгенімді, алған әсерімді ауылдастарыммен бөлісуді жөн көрдім.
Біз төртеу едік–отағасы Жарылқасын, мен, ортаншы ұлым Алмас, немерем Әлия Алмасқызы. Қазақта бала ата-анасы алдындағы парызын орындап, оларға құрмет көрсетуі тиіс. «Бала қандай қымбат болса, тәрбиеші одан да қымбат» дегендей, біз де балаларымызға оң тәрбие бердік деп ойлаймыз. Ұлымыз Алмас ерекше перзент еді, бала күнінен пеш бұзды, құдық жасады, үй тірлігіне ерте араласты, ата-анаға сүйеу, әр нәрсені байыппен орындайтын жауапты болды. Ағылшын тілін де жетік меңгерген ол шетелге барғанда гид, аудармашы болды.
Маусым айында 9-ға толған Әлия немеремді ата-анасы жазда «ыстық, күйіп тұр ғой» деген сылтаумен Астанаға алып кететін. Әлиямыз үйге келгесін «анда болдық, мұнда болдық»,- деп көрген, барған жерлерін теледидардан көрсетіп қоятын. Сондықтан да бұл сапардағы таңдау зерек те есті Әлияға түскен-ді.
Мамырдың 31-інде Атыраудан Түркияға таңғы 5:55-те ұшып, Стамбулға сағат 10-дарда қондық. Сол күні қонақ үйге орналасып, қала араладық. Ертеңіне 12:30-да Римге ұшып келдік. Түрік авиакомпаниясының «ПЕГАСУС» авиалайнері сенімді, ұшқыр, жанға жайлы.
Атақты Айя Сафия мешітінде болдық, ол - адамзат өркениетінің биік шыңы Византия шеберінің қайталанбас туындысы. Көк мешіт екеуі қатар тұр. Тарихтағы ең жауыз сұлтан Көсем сұлтанның зираты осында, өзі өлтірткен 20 шақты немересінің табыттары қойылған, денелері жер қойнауында.

СТАМБУЛ
Рим империясының кейін Византия астанасы болған 330 жылдан 1453 жылға дейін өмір сүрген көне қала. 1930жылдан бастап Ататүріктің бұйрығымен Стамбул аталған.
Алмас: «Қазір жайлы бөлмемізге барып демаламыз»,-деп көңілімізді көтеріп қойды. Түріктермен еркін сөйлесіп жатыр. Әуежайда такси толып тұр. Бауырмал халық қой. Көңіл орнықты,ешбір жатсыну жоқ. Жаяу төрт сөмкені көтеріп жүрген Алмасжан қонақ үйге алып келді. Тап-таза бөлме, ішінде не керектің бәрі бар. Әл-ауқат бизнесі қатты дамыған. Шайды әйнек стаканмен береді, сондай жылы көзқарас,әдемі сыйластықты сезіндік, риза болдық.
Ертесіне күндізгі 12:30-да Римге ұштық. Күн шайдай ашық. Әуежайда екі қазақ қызымен таныстық, Екібастұздікі. Біреуінің аты-Гүлнар, екіншісі-Назаргүл. Үш сағаттай ұшып, аман-есен Римге қондық. Төлқұжаттарды тексеруден сәтті өттік. Жалпы байқағаным, халық арасында бір-біріне деген сыйластық бар. Ерлер де, әйелдер де шолақ шалбармен жүреді екен. Алмас қалаға қайту үшін әуелі пойызға, сосын метроға отырғызды. Метроға кіргенімізде бір жас жігіт ұшып тұрып, орын берді. Риза болдым, өркенің өссін, италияндық балам!
Римді өздері Рома дейді. Метродан түскесін такси жалдап, біздің теңгемен 35 мың ақысын төледік. Туннельмен жүреді екен. Алмас таксистке: -Марио, Марио!-деді. Ол біздің 3 күн бойы тұратын пәтеріміз екен. 8 қатарлы үй, қарсыда супермаркет, пәтеріміздің асты дүкен, бутиктер, қуанышымызда шек жоқ, төсекке құлай-құлай кеттік.
Ертеңіне Әлияшым дүкеннен балмұздақ сатып әкелді, балконға шығып мәз болды. Біз екінші қатардамыз, нағыз қымбатшылық шетелде екен. Байқағаным, Қазақстаннан артық жер жоқ екен. Римде 3 күн түнеп, қала араладық. 4

ВАТИКАН
Такси жалдап, Ватиканға келдік. Ватикан – бір қаладан ғана тұратын ең кішкентай ел, Католик шіркеуінің орталығы. Губернаторы XIV Лео. Тұрғындары 1 мың адамдай, көпшілігі - ер адамдар, көбі діни қызметкерлер. Мемлекет басшысы - Рим папасы. Папа сөзбе-сөз аударса әке деген мағынаны білдіреді.
Ватикан - дүние жүзіндегі ең бай мемлекет. Алтын қоры - 15 миллиард доллар. Ватикан музейі - адамзаттың қолынан жасалған ең үздік туындылардың сақталатын орны. Джордано Бруноны отқа жаққан, Галилео Галилейді райынан қайтарған сұр кардиналдардың басқарушы органы. Алтыны судай аққан есепсіз көп ақша, шексіз билік осы дін иелерінің қолында болса, Ватикан - сөзсіз салмағы ауыр билік жүйесі.
КОЛИЗЕЙ
Ендігі бет алысымыз - Колизей. Біздің эрамыздың 72 жылы салынып, 80 жылдары тоқтаған алып құрылысты император Тит аяқтаған. 50 мың халық сиятын амфитеатр. Яғни, гладиатордың шайқасын, не болмаса адам мен аңның жекпе-жегін тамашалайтын орын. Мал екеш малды да сойған кезде аяушылық жасайтын қайран қазағым, қандай мейірбан еді. Гладиаторлардың ең ұзақ жасайтыны әрі кеткенде 25 жас екен. Бір қызығы, әйел гладиаторлар да болған. Адам арыстанмен, пілмен, жолбарыспен айқасқанда не болады, жыртқыштың аты жыртқыш қой! Адам өлтіруді қызықтайтын, әсер алатын қызуқанды италияндықтарға қайран қаласың. Рим тарихынан білетініміз, ең бірінші император - Октавиан Август, Ю.Цезарь диктатор болған. Ең жексұрын император – Калигула, Нерон сияқты адамдар болған. Қазір Колизей аңғал-саңғал, бірнеше жер сілкіну болып, қираған, найзағай түскен, топан су басқан, әлі тұр.
Римнен жағаға таксимен келдік. Мақсат - Жерорта теңізінің жағасында тұрған алып кеме - «Costa Toskanaға» жету. Ұзақ жүрдік, алып корабль көрініп тұрғанымен жаяу адамға жеткізбейді. Бір кезде алып теректің жанында тұрған ақ көйлекті қыздардың қасына келдік. Олар бізден «Қазақсыңдар ма?»-деп сұрады. «Иә-иә»,-деп мәз болдық. «Ана жерде «Costa» деген қызыл автобус тұр, сол автобус апарады»,-деп жөндерін айтты.
Кемеміз 19 қатар, таңғажайып зор кеме. Ішке кірдік, орналастық, филиппиндік жас жігіт жымиып қарсы алды. Балам: «Апа, каютаны теңізге қараған жағынан алдым»,- деп қуанышын аңғартты. Төрт орындық каюта, ішінде бәрі бар. «Costa-ның» графигі былай, күндіз жағада тұрады, жолаушылар ұйықтап жатқанда бір қалаға келіп тоқтайды. Генуя алыста мұнартып тұр.

НЕАПОЛЬ
Тоқтаған тағы бір қаламыз – Неаполь. Бұл – өркендеген қала. Мұнда мұнай өңдеу, мұнай-химия, цемент, машина жасау зауыттары бар екен. Көшелерде көпшілік саудамен айналысып, арбаларына әйелдердің қалпақтарын, балалардың бейсболкаларын салып алып сатып жүр. Көзілдірік, тағы басқа бұйымдар сатып күнкөрісін жасайтын қарт индусты кезіктірдік. Сауда жасау үшін қалаға түсеміз, кері қайтқанда қолыңда жүгің болады, жоғары көтерілгенде сәл қиналып қаласың. Сондай бір сәтте бір жігіт құшақтай алып сүйрете жөнелді. «Кім?» десем, Әлияшым: «Біздің каютаның балконын сүртетін филиппиндік бала екен» дейді. Кетерінде 10 евро бердім.
Жайлап теңізбен кері Римге бет алдық. Алмас: «Әулие Елена аралы!»-деді. Атлант мұхитында жатыр. Напалеон Банопарттың соңғы жер аударылған жері, Англияға қарайды. 4500-дей халық тұрады. Ұшақпен не кемемен баруға болады, сол жерде император 1821 жылы қайтыс болған. Бір кинода: «Солдаты! Я вас любил, прощайте! Гудбай!» деп жылап жіберетін еді, сол аралда мәңгі қалатынын білген екен.
Тағы бір жайт есімнен кетпейді. Ол - атыраулық қызды кездестіруім. «Құрсайда туып-өстім. Әкем-орыс, шешем-қазақ, Египетте тұрам, күйеуім христиан араб» деп қояды. Мен: «Египетте нең бар, қазаққа шықсаң қайтетін еді»,-десем, «Соны айтам-ау»,-деп күлді. «Аққыстауға жол салыпты, бәрін туғандарымнан біліп отырам»,-деп қуанышты әңгімесімен бөлісті.
Атырау жаман, ауасы нашар деп отырған жоқ, «сіздерді көргенде жүрегім жарылардай болды»,-деп қуанышын жасыра алмады. «Арабтар–кедей халық, бірақ қайырымды, соңғы нанымен бөлісуге дайын. Үкіметтен ешбір көмек жоқ, оқу жүйесі, медицина бәрі ақылы»,-деп әңгімесін жалғады. «Бір күні түнде есік қағылды. Есік ашсам, көршім келіп тұр: «Балам хал үстінде, өлейін деп жатыр, 400 динар керек, Хургадағы әскери госпитальға апару керек»,-деді. Күйеуім ақша беріп, госпитальға жеткізді. Барғасын баланың соқыр ішегін алып, екі сағаттай системасын салдыртып, бір сағаттан артық ұстамай үйіне қайтарып жіберіпті»,-деп әңгімесін аяқтады.

ОРАЛУ
Ертеңіне Марсель қаласына келдік. Францияда мұсылмандар көп. Жүргізушіміз – сириялық араб қызы. Көп ақша төледік. Келген бойда 0,5 грамдық таза су таратып жатыр, бізге де берді. Алмастарды таба алмай ұзақ тұрып қалыппын. Біреу түртеді, қарасам еуропалық жігіт. Сөйтсем байқамай трамвай жүретін рельске тұрып алыппын. Трамвайдың кондукторы сигналды басып, ырсия күліп отыр. Қанша ересек болсақ таңғалдық қалмайды екен-ау...
Ертесіне Барселонаға келдік. Испанияның атақты стадионында болдық. Мұнда қазақтар отыр екен, шымкенттіктер және алматылықтар. Барселона – таза, жақсы қала. Алаңда Х.Колумбтың ескерткіші тұр.
Қазақшылап баспалдақпен келе жатсам, бір испан бала «эскалатормен жүр»,-деп көрсетті, адамға деген жанашырлық танылып тұр. Ертесіне кері Стамбулға ұшатын болғасын сол жерге жақын қонақ үй тауып, сонда түнедік. Сол жерде бір жігіт жүр. Әп-әсем, италияндыққа ұқсамайды. Бір мезгілде мен жайқалған гүлдерді тамашалап отыр едім: «Вы русские?»-деп сұрады.
-Нет, мы из Казахстана, – деп жауап бердім.
-А, я из Молдовии, Кишинев знаете?
-Конечно.
-15 лет тому назад, когда я работал в Москве, у меня был друг, звали его Алибек. Хорошим был парень,- деп әңгімесін бастап кетті. –Я здесь работаю 8 лет. Семья, жена, сестра. К осени надо навестить радителей.
Көзінен елін сағынғаны көрініп тұр. Гүлдерін суарып жүр, біздерді жақын тұтып тұр. Ертеңіне ерте тұрып, қимастықпен шығарып салды.
Таңғы тамақты ішкен соң балам такси шақырып еді, 10 минутта «Мерседес» көлігі жетіп келді, салоны жұмсақ былғарымен қапталған. Әуежай жақын екен...

***
Атырауға ұшатын мезгіл жақындады. Бірақ түнгі 1.30-ға дейін ұшақ әзір болмады, кеш отырғызды. Атырауға мінген жолаушылар сондай көңілді. Ұшақта ауылдасымыз Шыңдауылов Айқожа мен жолдасы Дариға отыр жымиып, қуанып қалдық, көзкөрген деген осы ғой. Үш сағат өткенде Атырау әуежайына аман-есен қондық.
Ұлым Мирас ертелетіп күтіп алды. Ұзақ сапардан оралған бізді немерелерім Әлпия мен Аруназ қазақы дәстүрмен шашу шаша қарсы алып және қуантты...
Біздің Атырау-Түркия-Италия сапарымыз осылай сәтті аяқталып, жақсы әсерлерімен жадымызда жатталып қалды.
Зейнеп АМАНДОСОВА,
ардагер ұстаз,
Аққыстау ауылы


