Аудан ардагерлерінің алғашқы форумы өтті

 

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ауданда алғаш рет «Елге еңбек, ұрпаққа өнеге» атты ардагерлер форумы өтті. Ғибратты ғұмыр иелерінің басын қосқан тағылымды шара аға буынға құрмет көрсетіп қана қоймай, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге арналды.

 

 

Форумға ауданның ардагерлері, ел ағалары мен ақ жаулықты әжелер, жеті ауылдық округтен келген қонақтар қатысты.

 

 

Бір-бірімен жүздесіп, өткен күндерді еске алған ардагерлер үшін бұл күннің орны бөлек болды.

 

 

Форумның ашылуында аудан әкімі Нұрым Мусин аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, олардың ауданның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтті.

 

 

 

 

– Ардақты ардагерлер, қадірлі аға буын өкілдері! Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің саналы ғұмырларыңыз бен маңдай терлеріңіз ауданымыздың қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен жарқын болашағымыздың негізінде сіздердің еңбектеріңіз, өнегелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз жатыр. «Елге еңбек, ұрпаққа өнеге» форумы – сіздерге деген құрметіміздің белгісі. Әрбір ардагердің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, ал айтқан ақыл-өсиеттеріңіз – біз үшін қашанда құнды, – деді аудан басшысы.

 

 

Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлер аудан әкімінің және аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар 65, 80 және 90 жас мерейтойларын атап өткен ардагерлерге арнайы құрмет көрсетілді.

 

 

Мерекелік басқосуда аудандық полиция бөлімінің бастығы Манарбек Умбеталиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин сөз сөйлеп, аға буын өкілдеріне ізгі тілектерін білдірді.

 

 

Ардагерлердің қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауды көздеген аудандық спартакиаданың қорытындысы да осы форум аясында шығарылды. Тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат және волейболдан сынға түскен қатысушылардың үздіктеріне кубоктар мен Алғыс хаттар табысталды.

 

 

Форумның мазмұнын айқындай түскен маңызды бөлімнің бірі – «Ардагер – тарих», «Ардагер – тәрбие» тақырыптарындағы тағылымды кездесулер болды. Бұл алаңда аға буынның жүріп өткен жолы, елге сіңірген еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі сөз болды.

 

 

Ауданның Құрметті азаматы, ақын, мемлекеттік қызметші Есекеш Адайбек Сәдірұлы «Менің ауданым – менің тағдырым» тақырыбында ой толғап, туған өлкенің тарихы мен тағдырын адам өмірімен сабақтастырды.

 

 

Ал ардагер ұстаз, Ы.Алтынсарин орденінің иегері Әлия Фазылова «Ұстаздан – шәкіртке, әжеден – ұрпаққа» тақырыбында ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығы жөнінде сыр шертті.

 

 

Ардагерлердің өнері де форумның ажарын аша түсті. «Дәстүр үні» мен «Мирас» ардагерлер ансамбльдері ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Ән мен әуенге ұласқан кеш соңында форумға қатысушылар «Атамекен» әнін бірге орындады.

 

 

Бұл сәт форумның негізгі идеясын айшықтай түскендей. Себебі елдің бүгінгі тынысы – кешегі буынның маңдай терімен келген еңбек пен табандылықтың жемісі. Ал сол жолды кейінгі ұрпаққа жеткізу – аға буынның өнегесін ұмытпау, елдік құндылықтарды сабақтастыру деген сөз.

 

 

«Елге еңбек, ұрпаққа өнеге» форумы осылайша ардагерлерге құрмет көрсетілген мерекелік шара шеңберінен шығып, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды кездесуге айналды. Өйткені ел тарихы – оның азаматтарының ғұмыр жолымен өріледі. Ал сол тарихты жасаған аға буынның өнегесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT