Аудан әкімі Нұрым Мусин Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенконы қабылдады. Кездесу барысында аудандағы шахмат спортын дамыту, оның ішінде ауылдық жерлерде кеңінен насихаттау және тұрғындар арасында қолжетімді ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар шахматтың тек кәсіби спорт ретінде ғана емес, сонымен қатар зияткерлік қабілеттерді дамытатын бұқаралық ойын ретінде маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, аудандарда кәсіби емес, әуесқой азаматтар арасында шахматты дамытуға басымдық беру қажеттігі атап өтілді. Бұл бағытта түрлі турнирлер ұйымдастыру, үйірмелер ашу және жастарды ерте жастан тарту мәселелері қозғалды.

Аудан басшысы құрмет белгісі ретінде қонаққа Исатай ауданының шежіресіннен сыр шертетін кітапты сыйға тартты. Бұл сыйлық өңірдің тарихы мен рухани мұрасын танытатын ерекше белгі ретінде ұсынылды. Аталған кездесу ауданда шахмат спортын дамытуға тың серпін беріп, алдағы уақытта нақты жобалар мен бастамалардың жүзеге асуына негіз болады деп күтілуде.

Е.ЗИНЕДЕНОВ

