Аудан әкімі үшем дүниеге келген отбасыға сый-құрмет көрсетті

 

Аудан әкімі Нұрым Мусин еліміздің демографиясына ерекше үлес қосып, дүниеге үшем әкелген Аққыстау ауылының тұрғыны Бисенбай Нағымов пен Айдана Ерғалиеваның отбасына арнайы барып құттықтады. Бұл басқосуға аудандық аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жеңісбек Абежанов, аудандық аурухана директорының мейіргер ісі жөніндегі орынбасары Назым Жоламанқызы арнайы қатысты.

 

 

Аудан басшысы үшемдердің дені сау, ғұмыры ұзақ болсын деген тілегін жеткізіп, сәбилерге сый-сияпаттарды тарту етті.

Иә, Нағымовтар әулетінде 10 жыл бойы аңсаған сәби күлкісі бір сәтте үш еселеніп, ауылдың ғана емес, бүтін бір ауданның жүрегін елжіреткен оқиғаға айналды. 36 жастағы Айдана Ерғалиева үшем  ұлды дүниеге әкеліп, ана атанудың теңдессіз бақытын жаңа қырынан сезінді. Табиғаттың сирек сыйы саналатын бұл құбылыс – тек бір отбасының емес, тұтас өңірдің ортақ қуанышы. Күні кеше оларды туған-туыс, ауылдастары зор қуанышпен, салтанатты жағдайда қарсы алып, шаңыраққа ақ тілек пен ізгі ниеттерін жаудырды.

 

 

Осыған дейін бір қыз тәрбиелеп отырған Бисенбай Орынбайұлы мен Айдана Төребайқызы үшін бұл қуаныштың орны бөлек. Енді олар бір сәтте көпбалалы отбасы қатарына қосылып, шаңырақ шаттығы еселене түсті. Сәбилерге ата-анасы Айхан, Ерхан және Рамазан есімдерін берді. Үшемдердің қасиетті Рамазан айында, 11 наурыз күні дүниеге келуі де ерекше мәнге ие болып, кенже сәбиге Рамазан есімінің берілуі – жүрек қалауымен қатар, рухани астары терең шешім болды.

 

 

Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелер жүктіліктің 31-аптасында кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Алғашқы сәттер оңай болмаған – сәбилердің өкпе жетіспеушілігі мен ағзаларының толық жетілмеуіне байланысты жағдайлары ауыр болған. Дегенмен уақытылы көрсетілген медициналық көмек пен мамандардың біліктілігінің арқасында олардың жағдайы біртіндеп жақсарып, оң нәтижеге қол жеткізілді. Бір айдан астам уақыт арнайы бөлімде ем қабылдаған үшемдер дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Сонымен қатар перзентханадан шығар сәтте сәбилердің салмағы 2380, 2505 және 2078 граммға жеткен. Ал дүниеге келген кездегі салмақтары небәрі 1300–1600 грамм шамасында болған. Бұл – дәрігерлердің тынымсыз еңбегі мен жүйелі күтімнің нақты нәтижесі.

– Бұл сынаққа толы кезең болды. Бірақ дәрігерлердің жанашырлығы мен кәсіби қолдауының арқасында бәрі сәтімен аяқталды. Қазір жүрегімде тек шексіз қуаныш пен шүкіршілік сезімі бар, -дейді үшемнің анасы.

 

 

Нәрестелерді перзентханадан шығару сәті де ерекше көңіл-күймен өтті. Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев қатысып, жас анаға ізгі тілегін білдіріп, үшемге арналған арнайы арбаны сыйға тартқан.

Үш бірдей сәбидің өмірге келуі – тағдырдың тартуы ғана емес, елдің еңсесін көтерген шуақты жаңалық. Бұл қуаныш мейірім мен қамқорлықтың қадірін тағы бір айқындады.

 

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА,

суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT