Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Нұрым Мусиннің қатысуымен «Etoile’s de Paris» халықаралық фестивалі мен «Жұлдыз Art Қазақстан» байқауының жеңімпаздарын салтанатты қабылдау шарасы өтті.
Айтулы жиында күллі әлемді тамсандырып, Париж төрінде топ жарған Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің «Әсем-ай» әншілер ансамблі мен Алматы қаласында өткен «Жұлдыз Art Қазақстан» байқауында жеңімпаз атанған бишілер марапатталды. Аудан әкімі Нұрым Мусин алғы сөз сөйлеп, өнерпаз өрендерге жүрекжарды лебізін білдірді.
– Соңғы уақытта ауданымызда жағымды жаңалықтар көп. Парижде өткен 36-шы халықаралық «Etoile’s de Paris» фестивалінде топ бастап барған ансамбль жетекшісі Әсем Бахитованың еңбегі зор бағалауға лайық. Сіздер аудан ғана емес, тұтас өңірдің абыройын асқақтатып келдіңіздер. Кеше облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың арнайы қабылдап, құрмет көрсетуі – сіздерге деген үлкен қолдау. Мерейлеріңіз үстем болсын! Сонымен қатар, Алматыда өткен «Жұлдыз Art Қазақстан» байқауында «Большая семья» бас жүлдесін иеленген «Қазына» би тобының жетекшісі Венера Қуандыққызын да шын жүректен құттықтаймын. Ауданымыздың мерейін үстем еттіңіздер, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шара барысында жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталып, құрмет көрсетілді. Өз кезегінде «Әсем-ай» ансамблі сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Шара соңында сөз алған ансамбль жетекшісі Әсем Бахитова көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
– Елге оралғалы бері зор ықыласқа бөленіп келеміз. Бүгінгі құрмет – соның айқын көрінісі. Бұл сапар балалар үшін ерекше әсерге толы болды. Шетелдік мамандар өнерімізге жоғары баға беріп, шығарманы сәтті таңдағанымызды атап өтті. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Осындай сапарлар балаларға жаңа серпін береді. Алдағы уақытта да халықаралық байқауларда бақ сынап, биік белестерді бағындыруға ниеттіміз. Ең алдымен ата-аналарға алғыс айтамын, – деді ол.
Кездесу соңында аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов пен ардагерлер кеңесінің мүшесі Ерболат Насимуллин өнерпаздарды құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Осындай жарқын жетістіктер – аудан өнерінің өркендеп, жас таланттардың қанаттанып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

