Әдетте таңғы серуенде жастардың қарасы көп болады. Ал бұл жолы олардың қатарына аудан басшылығы мен ардагерлер де қосылды. Аққыстауда өткен «Таңғы серуен» бұқаралық спорттық шарасы бірнеше буын өкілдерін бір алаңға жинап, спорттың жас талғамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мерекелік онкүндік аясында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, ауыл жастары мен тұрғындары қатысты. Қатысушылар алдымен сергіту жаттығуларын орындап, кейін 1 шақырым қашықтыққа жеңіл қарқынмен жүгіру марафонына шықты.
Жаттығу мен жүгіру барысына Isatai RUN жүгіру клубының жетекшісі Бекзат Қуандықұлы жетекшілік етті. Оның айтуынша, таңғы уақытта дене жаттығуларын жасау ағзаны сергітіп қана қоймай, күнді көтеріңкі көңіл күймен бастауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
–Мұндай бастамалар жастарды спортпен тұрақты айналысуға, уақытын тиімді пайдалануға және белсенді өмір салтын ұстануға жетелейді. «Isatai RUN» жүгіру клубы 2025 жылдың наурыз айында құрылды. Содан бері клуб мүшелері республикалық және халықаралық жарыстарда аудан намысын лайықты қорғап, Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиеледі. Биыл клубымыздың мүшесі Жұлдыз Заманғалиева Оңтүстік Кореяда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Бұл – аудан спорты үшін үлкен жетістік әрі жастарға үлгі болатын оқиға,-деді Бекзат Қуандықұлы.


