Аудан көркемөнерінің өрлеген жылдары

 

Ауданымыздың тарихи беттеріне көз жіберсек, 1956-1957 жылдар аудан өнерінің жұлдызы жанған жылдар ретінде ерекше орын алады.  Сол істердің ішінде болғандар, көздері көре қалған бүгінгі ардагерлер жадында ол сақталған. Әйтсе де, арада жылжып өткен уақыт бәрін көмескілендіріп барады, сол оқиғалар туралы әртүрлі айтылып, әртүрлі жазылып жүр. Мен облыстық архив қорындағы Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің материалдарын зерделеп, анық-қанығына жетейін деп ойладым. Мәселені дұрыс жағынан айта білу аға ұрпақтың парызы ғой.

Өткен   ғасырдың  елуінші  жылдарының басынан республикамызда мәдени-ағарту мекемелерінің жұмысына көңіл бөлініп,  ауылдар мен селоларда көркемөнерпаздық кең өріс алады. Новобогат ауданының колхоздарында, МТС-те, мектептерінде көркемөнер үйірмелері, домбырашылар оркестрлері құрыла бастайды. Бірі Тұщықұдықтағы, бірі Манаштағы Сағын Жалмышев пен Ғатау Ибішевтің мектеп оқушысы кезінде домбыра тартып, концерттерге, байқауларға қатысатыны осы жылдар, кейін екеуі де республикаға белгілі күйші-домбырашылар атанды. Өнерлі ауыл - Чапаев атындағы колхозда көркемөнер үйірмесі 1955 жылы алғаш құрылғанда үйірме құрамында тек оншақты жас болатын. Үйірме мүшелері колхозшылар арасында өз өнерлерін көрсетіп, концерт қоя бастағанында көркемөнер үйірмесіне мүше болғысы келетін талапты жастар қатары өсе бастаған. Бір жылдың ішінде колхоз өнерпаздарының саны 40-қа жетіп, соның нәтижесінде домбыра оркестрі, хор ұжымы құрылады. Аудандық партия комитетінің хатшысы Орынғали Қарасаевтың жазуынша, ауданда бес жүз адамды біріктірген көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс жасайды, олар 28 хор, 25 драма секцияларын және 19 оркестрді құрайды. Бұл үрдіс колхоздар мен мекемелерден, ауылдардан талантты жастардың шығуына және еңбек белсенділігін арттыруға жағдай туғызды. Мектептер, клубтар өнерпаздарды біріктіріп, дайындық жүргізу орталығына айналды.

1956 жыл. Көркемөнерпаздықты насихаттау, өнерпаздарды таныту мақсатында аудан көлемінде партия, кеңес органдарының әдейі қаулысымен көркемөнерпаздардың шығармашылық есебі өткізіліп, оған барлық жеті мал шаруашылықты колхоздар мен төрт балықшы колхоздарының көркемөнерпаздар ұжымдары қатысады. 300-ге жуық сауыншылар, малшылар, балықшылар, мал мамандары және ауыл интеллигенциясының өкілдері өздерінің өнерлерін көрсетеді. Забурын ауылдық кеңесіндегі «Родина», «Социалистік жол», Тұщықұдық ауылдық кеңесіндегі Чапаев атындағы колхоздардың көркемөнерпаздары жоғары бағаға ие болады. Аудандық байқаудан іріктелгендар облыс орталығында өтетін Новобогат ауданы көркемөнерпаздарының шығармашылық есебіне жолдама алады.

Сәуір айының 11-і. Новобогаттық өнерпаздар шығармашылық есебін беру үшін Гурьев қаласына келеді. Халық әндері мен күйлері, қазақтың ұлттық билері, бір актілі пьеса, композиторлардың шығармалары енгізілген концерттік бағдарламаға 90-нан астам жас таланттар қатысатын еді. Оның ішінде құрамы  55 адамнан тұратын аудандық оркестр, Чапаев атындағы колхоздың 15 адамдық оркестрі, 85 адамдық хор ұжымы бар.

Мұнайшылардың мәдениет үйінде басталып, қаланың басқа да бірнеше жерінде болған есеп беру концертінде аудандық оркестр Құрманғазының «Адай», «Ақбай» күйлері мен Динаның «Тойбастар» күйін, Чапаев атындағы колхоздың оркестрі Құрманғазының «Сарапжап» күйін, хор ұжымы «Жастар жыры», «Мы за мир» әндерін орындайды. Бүгінгі колхоз өмірін бейнелейтін шығармалар да көрермендерді риза етеді. «Родина» колхозының құрылыс бригадасының бригадирі Рухолла Мұқамбетжановтың «Жастар, колхозға кел!» өлеңін колхоз өнерпаздары частушкілеп, әндетіп орындайды. Онда колхоздың озат сауыншылары Қартпанова Көжек пен Ережепова Жамал дәріптеліп, жастарды мал шаруашылығына келуге шақырады.
Манаш ауылдық кеңесіндегі «Қазақстанның 25 жылдығы» колхозының түйе бақташысы Имұхан Қылтанов Құрманғазының «Ертең кетем» күйімен бірге өзінің шығарған «Колхозды ауыл» күйін орындайды. Бала кезінен домбыра тартқан 65 жастағы өнерпаз колхоздың бүгінгі өркендеген шаруасы мен колхозшылардың шалтты тұрмысын өз шығармасында әсерлі бейнелейді және сол кезде елде жаппай қолға алынып жатқан жүгері өсіру саясатын қолдап, «Алтын дәнді жүгері» күйін шығару ойында  екенін  айтады. Аудандық байланыс бөлімшесінің қалалық телефон станцияларының бақылаушысы Қуанғали Сәрсенов Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін, аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі Еммат Марданов «Солдат вальсі» әнін, Чапаев атындағы жетіжылдық мектептің директоры Шәмшиден Шәріпов Исаның «Смет», Абайдың «Сегіз аяқ» әндерін асқақтата салады. Дина Тілепова мен Минаш Салахиденова «Қамажай», «Айжан қыз» биін билейді. Сондай-ақ Есіркептегі Молотов атындағы колхоздың драма үйірмесінің әртістері Сатыбалдиннің «Текке кеткен ет», Матақовтың «Жеңгесі» атты шағын пьесалар көрсетеді. Чкалов атындағы мектептің мұғалімі Салимова, Чапаев атындағы колхоздың қызыл отау меңгерушісі Нұрсұлтанов ән орындап, МТС инженері Аманғалиев, Сапаров сықақ оқиды.
Облыста бірінші болып шығармашылық есеп берген Новобогат ауданы көркемөнерпаздары жөнінде «Социалистік құрылыс» газетінің редакциялық сараптама мақаласында: «Шығармашылық есеп аудан көркемөнерпаздарының қатары барған сайын көбейіп, шеберліктері артып келе жатқанын байқатты» деп баға берді (17 сәуір 1956 ж., №78).

1957 жыл. Маусым айының 15-17-сі күндері аралығында Гурьев қаласында жастар мен студенттердің І облыстық фестивалі «Бейбітшілік және Еңбек» ұранымен өтті. Фестивальге әзірлік кезінде барлық салаларда жұмыс қарқыны арттырылып, еңбекте жаңа табыстарға қол жетті, комсомол ұйымдары металл сынықтарын жинау, ағаш егу, жексенбіліктер ұйымдастырып, фестиваль қорын молайту шараларын алды. Новобогат ауданының колхозшылары жүн өнімін дайындаудың жартыжылдық жоспарын мерзімінен бұрын асыра орындады, жастары ерте көктемде жүздеген тал отырғызды. Өлкеміздегі тұңғыш фестивальге ауыл шаруашылығы және өндірістің жас озаттары да қатысты. Новобогат ауданынан да көркемөнерпаздармен бірге еңбек озаттары, спортшылар келді.

Жилгородоктағы мұнайшылар стадионында болған фестивальдің ашылу салтанатында қатысушыларға 500 адамдық халық аспаптар оркестрінің өнер көрсетуі бұрын-соңды кездеспеген жағдай еді. Оркестр Құрманғазының «Адай» және Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін орындаған кезде фестивальге қатысушылар мен қалың көрермен орындарынан тұрып, ұзақ қол соғады. Оркестрді Алматыдан әдейі шақыртылған күйші-домбырашы, композитор Нұрғиса Тілендиев пен сол кезде Гурьевке жұмысқа шақыртылып келген Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі дирижер, күйші-домбырашы жерлесіміз Сейілхан Құсайынов әзірлеген еді. Жинақталған бұл оркестрге Новобогат ауданынан да шебер домбырашылар қатысады (Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде үлкейтілген форматта ілулі тұрған 500 адамдық оркестрдің фотосуретінде жерлестеріміздің бейнесін де көруге болады. М.Ө).

Новобогаттықтар қаладағы мұнай айыру зауытының және мұнайшылар мәдениет үйлерінде, Гурьев тауар-транспорт басқармасының клубында, қалалық паркте басқа аудандар қатарында бөлек-бөлек хор ұжымы мен жеке ән орындаушылардың, халық аспаптары оркестрінің, би, драма ұжымдарының өнер көрсетулеріне қатысады, аудан көркемөнерпаздарының концертін қояды. Қолөнершілердің көрмесіне ел ішіндегі қолөнер шеберлерінің бұйымдарының 20 экспонаты қойылады. Спорттық ойындар, ұлттық ат бәйгесі, қыз қуу, жорға жарыста бақ сынайды. Қаладағы Ленин атындағы орта мектепте фестивальге қатысушы аудан делегациясының азамат соғысына қатысушыларымен, Кеңес Одағының Батырларымен және Социалистік Еңбек Ерлерімен, өндіріс және ауыл шаруашылығы озаттарымен кездесуі өткізіледі.
Облыстық жастар фестивалі қорытындысында новобогаттықтардың мерейі үстем болды. «Әсіресе, домбыра тартуда Новобогат ауданының өнерпаздары ерекше көзге түсті. Бұлардың құрамында 60 адам бар. Олар бірнеше күй мен ән орындады. Салалы саусақты жігіттер мен қыздар пернелі домбыраны еркін игергендіктерін көрсетті. Сөйтіп, бұлар фестивальде домбыра тарту жөнінде бірінші орынға шықты» деп жазылды «Социалистік құрылыс газетінде (21 маусым 1957 ж., №121). Қазақша күрес бойынша сайыста да аудан палуандары бірінші орынды иеленді.

Ондаған өнерпаз фестиваль жеңімпазы атанып, облыстық ұйымдастыру комитетінің Дипломымен марапатталды, Соның бірі:
Фестиваль молодежи Казахстана
ДИПЛОМ
Гурьевский областной орг. комитет награждает товарища Масалимова Гибатулла за исполнение на первом областном фестивале молодежи и студентов.
Председатель орг. комитета (қол қойылып, мөр соғылған)
«16» июня 1957 г.

Аталған жылдары атағы шыққан Новобогат аудандық халық аспаптар оркестрінің құрамы туралы тізімді 2023 жылы баспадан жарық көрген «Мұрасы мол мекен» танымдық-ақпараттық жинақта берген едім.

Құрманғазы Сағырбаевтың өмірі мен шығармашылығын, күй мұраларын зерттеп жүрген композитор, ғалым Ахмет Жұбановтың күй атасы еліне бір сапарында Новобогатқа соғып, аудан көркемөнерпаздарының клубтағы концертін көріп, Ғибатолла Мәсәлімов, Ғиылман Хайрошев, Шәмшиден Шәріпов, Сапиолла Сәрсенғалиев, Еммат Марданов, Мақсұт Неталиевтің тартуында Құрманғазының сирек орындалатын күйлерін тыңдап, ауылдың кең өріс алған көркемөнеріне, оның домбырашыларына жоғары баға беруі, сондай-ақ музыка зерттеушісі Хабиболла Тастановтың келіп, бірнеше домбырашыдан Құрманғазының, Динаның күйлерін нотаға жазып алуы да дәл осы жылдар болатын.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT