Аудан мақтанышына айналған «Алтын белгі» иегерлері

 

Аудан әкімдігі ғимаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқановтың қатысуымен білім бәйгесінде үздік нәтиже көрсеткен «Алтын белгі» иегерлерін салтанатты құттықтау рәсімі өтті.

Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин, мектеп басшылары, ата-аналар және аудан бойынша «Алтын белгі» атанған түлектер қатысты.

 

 

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рашид Тастанұлы талап пен табандылықтың арқасында биік жетістікке жеткен түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді.

– Артылған сенім мен үмітті ақтаған түлектерге алдағы уақытта шығар шыңдарыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын. Білім көкжиегінде кемелденіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек ететін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін, – деді ол.

Шара барысында «Алтын белгі» иегерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табысталды.

 

 

Биыл аудан бойынша 9 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанып отыр. Өз кезегінде үздік түлектер де ақжарма алғыстары мен ізгі тілектерін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жеткізді.

– Құрметті аудан әкімінің орынбасары, қадірлі ұстаздар және қымбатты түлектер! Бүгін біз үшін ерекше күн. Мектеп қабырғасында алған біліміміз бен тәрбиеміздің жемісін көріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз. «Алтын белгі» иегері атану – тек менің ғана емес, маған сапалы білім берген ұстаздарымның, әрдайым қолдау көрсеткен ата-анамның және мектебімнің ортақ жетістігі. Алдағы уақытта алған білімімізді ел игілігіне жұмсап, туған жеріміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Барша түлектерге ақ жол тілеймін. Арман-мақсаттарымыз асқақ болып, тәуелсіз еліміздің мерейін үстем ететін азаматтар қатарынан көрінейік, – деді Абай атындағы орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Біржан Жанғазыұлы.

 

 

Кездесу соңында Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің директоры Парух Кабиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин түлектерге ақ баталарын беріп, алда өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетуге тілектестіктерін білдірді.

Жас түлектерге көрсетілген құрмет – олардың еңбегіне берілген лайықты баға әрі болашаққа бастар жарқын жолға жасалған ізгі қолдау болды.

 

 

Жұлдыз Сембиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT