Күздің алғашқы күнімен бірге мектептерде қоңырау үні қайта естілді. 1 қыркүйек – Білім күні Исатай ауданындағы білім ошақтарында ерекше көңіл-күймен аталып, 2026–2027 оқу жылына алғашқы қадам жасалды.

Бұл күн әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін айрықша мәнге ие. Ұстаздар үшін жаңа оқу жылы – шәкірттерге сапалы білім беріп, биік белестерге бастайтын жаңа жауапкершіліктің бастауы.

Биыл аудан мектептерінде 5205 оқушы білім алмақ. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 5221 болған. Жалпы оқушы саны аздап кемігенімен, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер қатары артқан. Былтыр бірінші сыныпқа 427 бала қабылданса, биыл 483 баланы қабылданды.
Білім күніндегі басты шаралардың бірі Аққыстау ауылдық округіндегі Абай атындағы орта мектепте өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аудан басшысы шәкірттерге білім жолында биіктерден көрініп, мектеп қабырғасында алған білімдерін ел игілігіне жұмсайтын азамат болып қалыптасуларына тілектестік білдірді.

Аудан мектептерінде жаңа оқу жылының алғашқы күніне орай «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да сөз сөйлеп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ақ жол тіледі.

– Сіздер кішкентай тарыдай болып келіп, таудай талаппен үлкен өмірге қадам бастыңдар. Алдағы он бір жылда ұстаздарыңыздың үмітін ақтайтын азамат болыңдар. Бұл – бәріміз үшін үлкен қуаныш, – деді Гүлайна Құрманғалиева.

Салтанатты жиынның ең толқынысты сәті – алғашқы қоңыраудың соғылуы болды.

Күмбірлеген қоңырау үні біреулер үшін мектеппен қоштасатын соңғы қадамды, енді біреулер үшін білім әлеміне басталған алғашқы сапарды білдірді.

Осылайша Исатай ауданындағы мектептерде жаңа оқу жылына жол ашылды.

Алғашқы қоңыраудың үні әр шәкірттің жүрегіне білімге деген құштарлық ұялатып, жаңа оқу жылы толағай жетістіктерге бастасын!








