Аудан тұрғындары тегін заң көмегін алды

 

Құқықтық мәселе кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Біріне сот орындаушысына қатысты сұрақ керек болса, енді біріне еңбек шарты, жер, тұрғын үй немесе әлеуметтік төлем мәселесі бойынша кеңес қажет. Бірақ көп жағдайда мәселенің өзі емес, оны заң аясында қалай шешуге болатынын білмеу қиындық туғызады. Осындай кезде заңгердің бір ауыз кеңесі де азамат үшін маңызды. Осы мақсатта ауданда тұрғындарға құқықтық кеңес беруге бағытталған «Тегін заң көмегі» акциясы өтті. Акция Аққыстау, Тұщықұдық және Қамысқала ауылдық округтерін қамтыды.

Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін Атырау облысынан арнайы келген сала мамандарына айтып, тиісті кеңес алды. Бір жерде бірнеше маманның бас қосуы тұрғындарға облыс орталығына бармай-ақ, қажетті ақпаратты жергілікті жерде алуға мүмкіндік берді.

 

 

Акция барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар да түсіндірілді. Бұдан бөлек, азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасындағы құқықтары, әкімшілік рәсімдердің жүргізілу тәртібі, мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағым жасау мүмкіндіктері сөз болды. Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Сондықтан оның негізгі жаңашылдықтарын халыққа түсіндірудің маңызы зор.

 

 

Акцияға Атырау облысының Әділет департаменті, полиция, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек және әлеуметтік қорғау, кірістер, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары салаларының мамандары қатысты. Сонымен бірге жеке сот орындаушысы, нотариус пен адвокат тұрғындардың сауалына жауап берді.

 

 

Бұл мүмкіндікті Тұщықұдық ауылының тұрғыны Ибрайм Сүлейменов те пайдаланды.

– Тұщықұдық ауылынан келіп тұрмын. Үш кеңес берушіге жолығып, көңіліме қонымды жауап алдым. Заң жүзінде кеңес беріп жатыр. Атырау облысы бойынша әртүрлі мекемелерден мамандар келген екен. Аудан тұрғындары келіп, мәселелері бойынша кеңес алып жатыр. Ең бастысы, алысқа бармай-ақ, осы жерден мәселелерін шешуге мүмкіндік бар. Ұйымдастырушыларға ризамын, барлығына жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді ол.

 

 

Тұрғынның сөзінен акцияның қарапайым адам үшін қаншалықты қажет екені көрінеді. Өйткені бір мәселе бойынша бірнеше мекемеге барып, уақыт жоғалтудың орнына, қажетті мамандардың өзіне жолығып, нақты кеңес алу – ауыл тұрғыны үшін үлкен мүмкіндік.

 

 

Алайда мамандардың айтуынша, халықтың құқықтық мәселесі азайып отырған жоқ. Әсіресе атқарушылық іс жүргізуге байланысты шағым көп.
Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Гүланда Қыстаубаеваның айтуынша, департаментке түсетін арыз-шағымдардың 80 пайызы осы салаға қатысты.

– Қазіргі уақытта Әділет департаментіне келіп түсетін арыз-шағымдардың 80 пайызы атқарушылық іс жүргізуге байланысты. Бұл – сот орындаушысының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты мәселелер. Әртүрлі түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімізбен, арыз-шағымдар азайды деп айта алмаймыз. Несие рәсімдеу, алаяқтық салдарынан зардап шеккен азаматтар, өндіріп алушылар және әлеуметтік маңызы бар істер бойынша сұрақтар әлі де көп, – деді ол.

 

 

Қазір облыста 9 мемлекеттік және 79 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олардың өндірісінде алимент өндіруге қатысты 11 мыңнан астам атқарушылық құжат бар. Соның 321-і проблемалық санатқа жатады. Бұл істер бойынша өндірілмеген қаражаттың жалпы сомасы 444,9 миллион теңгені құрайды.

 

 

Бұл – жай ғана сан емес. Оның ар жағында алиментін уақытында ала алмай отырған бала, еңбекақысына қатысты дауы бар жұмысшы, жер немесе баспана мәселесін шеше алмай жүрген отбасы тұр. Сондықтан құқықтық сауаттылықтың маңызы да осындай нақты жағдайларда байқалады.

 

 

Департамент мамандарының мәліметінше, биыл заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 482 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ал ресми құжаттарға апостиль қою қызметін 3 мыңнан астам адам пайдаланған.

 

 

Бұл көрсеткіштер тұрғындардың құқықтық және әкімшілік қызметтерге жүгінуі тұрақты екенін көрсетеді. Ал әр қызметтің өз тәртібі мен талабы бар. Оны білмеу кейде мәселенің созылып кетуіне, құжаттың дұрыс рәсімделмеуіне немесе азаматтың өз құқығын толық пайдалана алмауына әкелуі мүмкін.

 

 

Сондықтан құқықтық кеңестің мақсаты – азаматтың мәселесін оның орнына шешіп беру ғана емес. Ең маңыздысы – адамның өз құқығын түсінуіне жол көрсету. Қайда жүгіну керек, қандай құжат қажет, қандай мерзім сақталуы тиіс, мемлекеттік органның шешіміне қалай шағымдануға болады – мұның бәрі азаматтың өз мәселесін сауатты шешуіне ықпал етеді.

 

 

Заңды білу тек сотқа жүгінген кезде керек емес. Құжатқа қол қойған сәттен бастап, несие рәсімдегенде, жұмысқа орналасқанда, жер немесе тұрғын үй мәселесін шешкенде де өз құқығыңды білу маңызды.

 

 

«Тегін заң көмегі» акциясының мәні де осында. Тұрғынға дайын шешім ұсынып қана қоймай, оның заңды жолын көрсету. Ал өз құқығын білетін адам мәселе туындаған кезде қайда барып, қандай қадам жасау керегін де жақсы түсінеді.

 

 

Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT