Ауданда 12 отбасы жаңа қонысқа ие болды

 

Ауданда тағы 12 отбасының көптен күткен арманы орындалды. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар жаңа баспананың кілтіне ие болды. Салтанатты рәсім аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өтті.

 

 

Жаңа қоныс иелерін құттықтаған аудан әкімі Нұрым Мусин тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір отбасының жайлы әрі қауіпсіз баспанада өмір сүруі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды міндет.

 

 

– Баспана – әр отбасының берекесі мен тұрақтылығының негізі. Сондықтан тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту,-деді аудан әкімі.

Бұл жолы пайдалануға берілген баспаналар – үш бөлмелі, екі пәтерлі тұрғын үйлер. Барлығы 6 тұрғын үйде орналасқан 12 пәтер заң талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды.

 

 

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 908 азамат тұр. Өткен жылы 23 отбасы баспаналы болса, биыл бұл көрсеткіштің артуы тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

 

 

Бөлім басшысы Нұрбол Жампейсовтің айтуынша, биыл аудан бойынша барлығы 28 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

– Бүгін алғашқы 12 пәтер өз иелеріне берілді. Жоспардағы қалған 16 тұрғын үй де алдағы уақытта тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға заң талаптарына сәйкес, «Отбасы банк» АҚ арқылы рәсімделіп табысталады,-деді ол.

 

 

Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин және аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Жәнібек Ещанов жаңа қоныс иелеріне баспана кілтін салтанатты түрде табыстады.

 

 

Мерекелік рәсім жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Кейін аудан басшылығы жаңа үйлерді аралап, қоныс иелерінің қуанышына ортақтасты.

 

 

Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатарында Мұратовтар отбасы да бар. Сибатолла Асқарұлы мен Гүлназ Ескендірқызы жеті қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Олар тұрғын үй кезегіне 2014 жылы тіркеліп, араға он жылдан астам уақыт салып өз шаңырағының кілтін алды.

 

 

«Алтын алқа» иегері Гүлназ Гумарова бұл күннің отбасы үшін айрықша маңызға ие екенін жасырмады.

– Осы күнді ұзақ күттік. Өз үйіміздің кілтін қолымызға алғандағы қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын. Ең бастысы – балаларымыздың өз шаңырағында өсіп, еркін өмір сүретіні. Бізге осындай мүмкіндік жасап, қолдау көрсеткен мемлекетке зор алғысымызды білдіреміз,-дейді көпбалалы ана.

 

 

Жаңа баспаналардың пайдалануға берілуі – аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі.

 

 

Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік бермек.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН,
Суретке түсірген: Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT