Ауданда 124 бейнебақылау жүйесі орнатылуда

 

Ауданда жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Осы бағытта өңірде заманауи цифрлық бақылау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгін аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы аудандық полиция бөліміне барып, бейнебақылау жүйесінің жұмысын зерделеді. Бақылау барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсов қатысып, бақылау жүйесінің техникалық мүмкіндіктерімен танысты.

 

 

Бақылау барысында мамандар аудан орталығы Аққыстау ауылдық округінде жалпы саны 124 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның 52-сі аудан әкімдігі тарапынан, аудандық полиция бөліміне қарасты 72 камера Аққыстау ауылының 18 нүктесіне орналастырылған. Бұл жүйе қоғамдық тәртіпті күшейтіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

 

 

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Манарбек Үмбеталиевтің сөзінше, камералар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылап, жылдамдықты қадағалауға, қоғамдық тәртіптің бұзылуын анықтауға және қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жүйе құқықбұзушылықтың алдын алып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге де септігін тигізеді.

 

 

Зерделеу барысында аудан әкімі Нұрым Мусин жауапты сала мамандарына бейнебақылау камераларын белгіленген мерзімде толық орнатып аяқтауды, олардың сапасына тұрақты бақылау жүргізуді және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

 

Ж.МЫҢҒҰЛ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT