Ауданда 13 отбасы жаңа баспанаға ие болды

 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Исатай ауданында да жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте тұрғын үй мәселесін шешу – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Бүгін аудан орталығы Аққыстау ауылындағы «Жалын» мәдениет үйінде баспаналы болған отбасыларға пәтер кілтін табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шарада 13 отбасы көптен күткен жаңа пәтерлерінің кілтін алып, қуанышқа кенелді. Жаңа баспаналар көпбалалы және толық емес отбасыларға берілді.

Жиында аудан әкімі Нұрым Мусин жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспаналы болудың әр отбасы үшін айрықша қуаныш екенін атап өтті.

– Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәттеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Баспаналы болу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш әрі маңызды жетістік. Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазіргі таңда жоспарланған тұрғын үйлердің құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бір 60 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, бүгінде инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған үйді биыл ел игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар осы тұрғын үйге қарама-қарсы аумақта тағы бір көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оны келесі жылы аяқтап, тұрғындарға табыстау жоспарда бар. Бұл – аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі,-деді аудан әкімі.

Содан соң салтанатты шара барысында аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстады.

Бұл күні Х.Ерғалиев ауылынан – 6, Тұщықұдық ауылынан – 5, Аққыстау ауылынан 2 пәтер жаңа қоныс иелеріне табысталды.

Солардың бірі – Аққыстау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Сымбат Сабырова. Ол 2018 жылы төрт баланың анасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Сегіз жылға жуық уақыт күткен отбасының баспана мәселесі бүгін шешімін тауып, көптен күткен пәтеріне қол жеткізді.

– 2018 жылы төрт баламмен көпбалалы ана санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тұрған едім. Бүгін, міне, көптен күткен арманым орындалып, жаңа пәтердің иесі атанып отырмын. Қазір алты баламыз бар. Жетінші сәбиімізді осы жаңа шаңырақта күтіп алып, бауырыма басатыныма қуаныштымын. Біз үшін бұл – ерекше күн. Осындай мүмкіндік жасап отырған мемлекетімізге алғысымды білдіремін. Жаңа үйімізде балаларыммен бірге бақытты ғұмыр кешіп, шаңырағымызда қуаныш көп болсын деп тілеймін,-дейді жаңа пәтер иесі.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтің айтуынша, ауданда жоспарланған 28 тұрғын үйдің 25-і бүгінде пайдалануға беріліп, тұрғындарға табысталған. Баспана беру рәсімі «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылуда.

Тұрғын үй құрылысының жалғасуы аудан көлеміндегі баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік бермек. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы және көпбалалы отбасылар үшін жаңа пәтердің кілтін алу – тұрмыстық жағдайды жақсартумен қатар, отбасының ертеңге деген сенімін арттыратын маңызды қадам.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT