Ауданда 475 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты

Тұрақты жұмыс – тұрақты өмірдің негізі. Сондықтан халықты жұмыспен қамту мәселесі қай кезде де мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетті.

Халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында аудандық Мансап орталығы жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесі бұл салада оң серпін бар екенін аңғартады.
Аудандық Мансап орталығының маусым айындағы қорытынды мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері орталыққа 1397 азамат жүгініп, олардың 718-і, яғни 51,4 пайызы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Соның нәтижесінде 475 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасса, 243 азамат уақытша жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Бұл көрсеткіштер аудан тұрғындарын еңбекпен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтар санының артуы еңбек нарығындағы оң өзгерістердің нақты көрінісі деуге болады. Мәселен өткен жылдың алғашқы алты айында тұрақты жұмысқа 334 адам орналасқан болса, биыл бұл көрсеткіш 475 адамға жетіп, 141 адамға көбейіп отыр. Бұл аудан тұрғындарының еңбекке орналасу мүмкіндіктерінің кеңейіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Жүргізілген жұмыстар жұмыссыздық деңгейіне де оң әсерін тигізді. Егер 2025 жылдың маусым айында аудан бойынша ресми жұмыссыздар саны 764 адамды құраса, биылғы жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 647 адамға дейін төмендеді. Қазіргі таңда аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр.

– Жұмыспен қамту тек бос жұмыс орындарына жолдаумен шектелмейді. Азаматтардың кәсіптік біліктілігін арттыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне мүмкіндік жасау және жеке кәсібін ашуға қолдау көрсету де бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта аудан көлемінде кәсіпкерлікті дамыту мен еңбек нарығына бейімдеу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспары 120 адамды құраса, бүгінгі күнге дейін 129 азамат оқуын сәтті аяқтап, сертификат иеленді.Сонымен қатар жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес ұйымдастырылатын кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша жылдық жоспар 15 адамды қамтиды. Қазіргі таңда бес жұмыс берушінің өтінімі негізінде 8 жұмыссыз азамат оқуға жіберіліп, 1 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың қатарында бухгалтер, сатушы-кеңесші және аспаз мамандықтарын меңгеріп жатқан азаматтар бар. Бұл еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға ниетті азаматтарға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мұндай қолдау шаралары тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының дамуына оң ықпал етуде,-деді аудандық Мансап орталығының басшысы Ақтоты Балмулдина.


 Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру шілде айында басталды. Биылғы жылға жоспар саны 25 болса, І лек бойынша  12 адамға грант беру жоспарланып, күні бүгінге 21 адам өтінім беріп отыр. Бұл гранттар жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға ниетті азаматтардың өз ісін бастап, тұрақты табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламалары да кезең-кезеңімен орындалуда. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша жылдық жоспарға сәйкес 44 адамды қамту көзделсе, бүгінгі күнге дейін олардың 21-і жұмысқа жолданған. Ал зейнет жасына таяған азаматтарды еңбекпен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы аясында жоспарланған 25 адамның 21-і жұмыспен қамтылды. Жастарды алғашқы еңбек тәжірибесіне баулу бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін 105 адамды қамту жоспарланса, бүгінгі таңда 15 жас маман еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, қоғамдық жұмыстарға тарту жоспары 194 адамды құраса, қазірдің өзінде оның 178-сі қоғамдық жұмыс орындарына орналастырылды.
Жалпы ауданда халықты жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құру, азаматтарды кәсіптік оқыту, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету сияқты кешенді шаралар еңбек нарығындағы тұрақтылықты нығайтып келеді. Соның нәтижесінде тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, жұмыссыздықтың төмендеуіне оң ықпал етуде.

Жайна ІЛИЯС

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT