Ауданда 86 бос жұмыс орны ұсынылды

 

Аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға нақты мүмкіндік ұсыну мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығы ғимаратында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Бұл жолғы шара – жай ғана бос орындар тізбесін ұсынған рәсімдік кездесу емес, үміт пен мүмкіндік тоғысқан ашық алаң болды. Мұнда жұмыс іздеуші азаматтар, аз қамтылған отбасылар, борышкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар және пробация есебінде тұрған азаматтар бас қосты. Әрқайсысы – өз тағдырына жаңа бетбұрыс іздеген жандар.

 

 

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкеге 5 мекеме қатысып, жалпы саны 86 бос жұмыс орны ұсынылды. Қатысушыларға тұрақты және уақытша жұмыс орындары туралы толық ақпарат беріліп, жұмыс берушілермен бетпе-бет сұхбаттасуға мүмкіндік жасалды. Әр үміткер өз мамандығына сәйкес бағыт-бағдар алып, түйіндемесін тікелей компания өкілдеріне табыстады.

Атап айтқанда, «Болашақ Новус», «КАРАТ», «СтамГазСтрой», «Tenaz Management», «FSSA», «Феникс Интернешнл Ресорсиз Каспиан», «KUAN TRANS LOGISTICS», «Грин Лайт ЛТД», «Тарлан Сарбаз», «ММ-Секюрити», «Нефтестройсервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ Исатай аудандық полиция бөлімі, Исатай ауданы білім бөлімінің мектеп-гимназиясы, жалпы білім беретін Исатай орта мектебі, Томан бастауыш мектебі, Аққыстау орта мектебі, «Өркен» бөбекжай-бақшасы және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемелері өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды.

 

 

Жәрмеңке барысында жұмыс іздеушілердің түйіндемелері қабылданып, тиісті мекемелерге жолданды. Бірқатар азаматтарға нақты жұмыс ұсынылып, өзгелеріне кәсіби бағдар беру, қайта даярлау және жұмысқа орналасу тетіктері жөнінде кеңес берілді.

Мұндай іс-шаралар еңбек нарығындағы белсенділікті арттырып қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға да серпін береді. Себебі жұмыс – тек табыс көзі ғана емес, адамның қоғамдағы орны мен сенімінің тірегі. Ал жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы ашық диалог – нәтижелі жұмыспен қамтудың басты кепілі.

 

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT