Ауданда ересектер арасында қалқымалы қармақпен спорттық балық аулаудан алғаш рет жарыс өтті. Аталған жарыс аудан әкімдігінің қолдауымен және облыстық спорттық балық аулау федерациясының ұйымдастыруымен Х.Ерғалиев ауылына қарасты Бақсай каналының бойында өткізілді.
Мақсат – балық аулау мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және әуесқой балықшылар арасында спорттық балық аулауды дамыту. Сайысқа ауданның 7 ауылдық округінен келген 15 қатысушы бақ сынады. Қатысушыларға арнайы 20 орын белгіленіп, жеребе тарту арқылы екі тур бойынша жарысқа қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр турдың ұзақтығы 3 сағатты құрады. Қатысушылар белгіленген орындарда балық аулап, тур аяқталғаннан кейін келесі орынға ауысып отырды. Әр кезеңнің соңында ауланған балықтардың жалпы салмағы өлшеніп, есепке алынды. Жарыс қағидаларына сәйкес, өлшеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық балық қайтадан суға жіберілді.
Спорттық балық аулау – олжа қуудан бұрын табиғатпен үндесе білуді талап ететін мәдениет. Ұйымдастырушы Жасұлан Жәрдемовтің айтуынша, аудандағы алғашқы жарыс та дәл осы құндылықтарды дәріптеуге негізделген.
– Бұл жарыста ауланған балықтар өлшеніп, нәтижесі тіркелгеннен кейін бірден қайтадан суға жіберіледі. Яғни, балықтарға ешқандай зиян келтірілмейді. Сонымен қатар жарыс аясында табиғатты қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. Жарыс басталар алдында да, аяқталғаннан кейін де қатысушылар ұйымдасып, сенбілік өткізіп, айналаны қоқыстан тазартады. Осыған дейін облыстық спорттық балық аулау федерациясының ұйымдастыруымен өткен бірнеше жарысқа қатыстық. Сол жарыстардың нәтижесінде федерация басшысы ауданымыздың табиғи мүмкіндігін жоғары бағалап, мұндай сайысты Исатай ауданында өткізуді ұсынды. Себебі ауданымыз көлдер мен балық қоры мол өңірлердің бірі саналады. Бұл бастаманы аудан әкімі мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі қолдап, осындай алғашқы жарыстың өтуіне қолдау көрсетті. Алдағы уақытта бұл жарысты жастар арасында да ұйымдастыру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды салауатты өмір салтына баулу, табиғатты аялауға тәрбиелеу және нашақорлық сияқты зиянды әдеттердің алдын алуға үлес қосу, – деді ол.
Байқау талабына сәйкес, сайысқа 18 жастан асқан қатысушылар ғана қатысты. Солардың ішіндегі аға буын өкілдерінің бірі – Иманқұл Қабдрахманов. Оның айтуынша, балық аулауға деген қызығушылығы бала кезден қалыптасқан. Сондықтан мұндай жарыстың аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылуын қуана қолдап, оған қатысуға ниет білдірген.
– Балық аулауға бала күнімнен әуеспін. Үйіміз Бақсай каналының жағасында орналасқандықтан, қармақ ұстап өстім деуге болады. Қазір де қолым қалт еткенде табиғат аясында демалып, қармақпен балық аулағанды ұнатамын. Маған ең қызығы – қармақпен аулау. Сондықтан тор құрып, балықты жаппай аулайтындардың қатарынан емеспін. Қажет болған мөлшерін ғана ұстап, табиғаттың тынысын сезініп қайтқанның өзі үлкен демалыс. Осындай жарыс өтетінін ұйымдастырушылар айтып, шақырған соң қуана келдім. Руслан бастаған жігіттер жақсы бастама көтеріп, көпшіліктің басын қосты. Спорттық балық аулауды дамытуға бағытталған осындай игі шараларды ұйымдастырған барша азаматтарға қатысушылар атынан алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да бұл жарыс дәстүрге айналып, жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырыла берсе екен деген тілегім бар,деді И.Қабдрахманов.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Тартысты додада Наурызғали Құсасанов үздік нәтиже көрсетіп, І орынға ие болды. ІІ орынды Аманбек Сәнібаев, ал ІІІ орынды Аманжол Жұмаханов иеленді. Бұдан бөлек, арнайы номинациялар бойынша «Ең үлкен балық» жүлдесі Аманжол Жұмахановқа, ал «Ең алғашқы балық» номинациясы Бекқайыр Айдашевқа берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Е.ЗИНЕДЕН


