Бүгін аудан әкімі Нұрым Мусин Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі №1247 Жарлығына сәйкес көп бала тәрбиелеп өсірген аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.
Салтанатты қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин қатысты. Аудан басшысы марапат иелерін құттықтап, олардың ел демографиясының өсіміне қосып отырған үлесі мен отбасы құндылықтарын дәріптеудегі еңбегін ерекше атап өтті.

Марапаттау рәсімінде Қамысқала ауылының тұрғыны Гүлназ Ескендірқызы «Алтын алқа» төсбелгісіне ие болды.

Ал Зинеден ауылының тұрғыны Айтолқын Саттарқызы мен Аққыстау ауылының тұрғыны Гүлжанар Жарылғасынқызына «Күміс алқа» табысталды.

Сондай-ақ Аққыстау ауылының тұрғыны Гүлайна Пазылғалиеваға «Алтын алқа», Тұщықұдық ауылының тұрғыны Альбина Мардашоваға «Күміс алқа» төсбелгілері берілгенімен, белгілі себептерге байланысты олар салтанатты шараға қатыса алмады.

Шара барысында аудан әкімі марапат иелеріне гүл шоқтарын ұсынып, ақжарма тілегін жеткізді. Өз кезегінде аналар да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлық үшін ризашылықтарын білдірді.
– Бүгін «Алтын алқа» иегері атану – мен үшін үлкен мәртебе. Көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан құрмет пен қолдау әрбір анаға күш-жігер береді. Отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жемісін көріп отырмыз. Осындай қамқорлық үшін алғысымды білдіремін, – деді «Алтын алқа» иегері Гүлназ Ескендірқызы.

Мұндай игі шаралар ананың қоғамдағы орны мен мәртебесін айқындап қана қоймай, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және өскелең ұрпаққа өнеге көрсетуге ықпал етеді.
Жұлдыз СЕМБИЕВА



