Ауданда елдік мереке ұлықталды

 

25 қазан – Республика күніне орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Республика: Рух. Намыс. Болашақ» атты салтанатты шара өтті. Ұлттық мереке аясында ұйымдастырылған жиын елдік пен егемендіктің қадірін ұғындырып, отаншылдық рухты көтеруге, тәуелсіздіктің тарихи мәнін дәріптеуге арналды. Салтанатты шарада мемлекеттік қызметке жаңадан келген жастар ант қабылдап, ауданның өркендеуіне өз еңбегімен үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

 

 

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын мәдениет үйі қызметкерлерінің жанды дауыста орындауымен басталды. Елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік әрі азаматтық парыз.

 

 

Осыны айқындай түскен сәттердің бірі – жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі болды. Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Ербол Ануарбекұлы мен Аққыстау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Эльнұр Абайқызы мемлекеттік қызметші ретінде елге адал қызмет етуге ант берді.

 

 

Мерекелік бағдарламаның көркемдік шымылдығын Исатай аудандық халықтық «Ақ шағыл» ұлт аспаптар оркестрі ашты. Талапқали Зайнуллиннің «Салтанат» және Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» күйлері көрерменге ұлттық өнердің әуезді әлемін танытты.

 

 

Жүргізушілер Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы орнына назар аударды.

 

 

Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды тарихи қадамдардың бірі болды.

 

 

Сондықтан Республика күні – күнтізбедегі атаулы күн ғана емес, елдің дербестігі мен тұтастығын, халықтың азаттыққа деген ұмтылысын айшықтайтын ұлттық мереке.

 

 

Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрым Мусин құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, түрлі салалардағы еңбек пен қоғамдық өмірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.

 

 

Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен мұнай-газ саласының өкілі Дәрмен Бекенов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалы Исатай аудандық бөлімінің бас маманы Тамара Шаханова, Аққыстау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Бәделова, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының Исатай ауданы бойынша капитаны Жұлдыз Сапарғалиева, «Нарын таңы» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Сағыныш Қайыр, аудандық білім бөлімінің бас маманы Кенжегүл Хайрова және азаматтық қорғау аға сержанты Байболат Бекенов марапатталды.

 

 

Аудан әкімі атынан берілген Алғыс хатқа да бірқатар сала өкілдері ие болды. Олардың қатарында «Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының операторы Серікболат Хинекин, аудан прокурорының орынбасары Сұлтанбек Аманов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесінің жедел қызметкері Елжан Амангелдиев бар. Сонымен қатар Тұщықұдық, Жанбай және Исатай ауылдық округтерінің қызметкерлері, полиция, ветеринария, білім беру және экономика-қаржы салаларының өкілдері – Тоғжан Каримова, Мариям Баркимбаева, Ербол Ізімберген, Жасұлан Сердекешов, Нұрболат Жұмашев, Бекнұр Нармағанбетова және Светлана Даулешова марапатталды.

 

 

Марапат иелеріне адал еңбегі, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны және ауданның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді. Еңбектің бағалануы – әр саланың тынысын айқындайтын, ел игілігі жолында тер төгіп жүрген азаматтардың қоғамдағы орнын танытатын маңызды сәт. Ауданның күнделікті тіршілігі мен дамуы әртүрлі салада еңбек ететін осындай жандардың жауапкершілігі мен табандылығына тікелей байланысты.

 

 

Мерекелік жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық мерекенің маңызын атап өтті.

 

 

Сондай-ақ Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов атынан Халық қаһарманы, қоғам қайраткері, офицер-ұшқыш Хиуаз Доспанова атындағы медальмен Мақсот Сабиров марапатталды.

 

 

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. «Ақ қайың» би ансамблі «Әлқисса» күйіне қойылған қазақ биін ұсынып, ұлттық өнердің әсемдігін сахна төріне шығарды.

 

 

Жеткіншек Идеятов «Туған далам» әнін орындаса, Зухра Иралиева Үлебайдың «Дудар-ай» әнін шырқап, көрерменге әуезді ән тарту етті.

 

 

Арай Шапихова жетекшілік ететін бишілер «Хас жүйрік» биін биледі. Айдана Бақытова «Қорқыт қобыз» әнін орындап, Айдар Бекетов пен Әсемгүл халықтың «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін дуэтпен жеткізді. Концерттік бағдарлама «Сүйінші» әнімен түйінделді.

 

 

Республика күні – өткен тарихты еске алып қана қоймай, ел болашағы алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін уақыт. Исатай ауданындағы мерекелік шарада мемлекеттік қызметке қадам басқан жастардың анты, еңбек адамдарының марапаты мен ұлттық өнердің өрнегі бір арнаға тоғысты. Мұның бәрі елдік мұраттың ұрпақ сабақтастығы, адал еңбек және ұлттық құндылықтар арқылы жалғасатынын аңғартты.

 

 

 

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT