Ауданда Қазақстан халқының бірлігі күні салтанатты түрде аталып өтті

 

Қоғам тұрақтылығы мен ел дамуының басты кепілі – ұлттар арасындағы татулық пен өзара түсіністік. Бұл құндылықтар бүгінде Исатай ауданында нақты іс пен өмірлік тәжірибе арқылы көрініс тауып отыр. Өңірде 38 өзге ұлт өкілінің тату-тәтті ғұмыр кешуі – соның айқын дәлелі. Олар жергілікті халықпен біте қайнасып, ортақ мақсат жолында еңбек етіп, қоғамдық өмірдің әр саласына белсенді араласуда.

Ауданда түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы мен ынтымақтастығы, әсіресе Аққыстау ауылдық округінде айқын байқалады. Бұл – бірлік пен қоғамдық келісімнің нақты үлгісі ғана емес, ел дамуына қосылған маңызды үлес.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткен «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» атты мәдени шара осы құндылықтарды кеңінен дәріптеді. Шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрберген Утегенов тұрғындарды мерекемен құттықтап, бірліктің ел өміріндегі шешуші маңызын атап өтті.

– Бірлік – біздің басты байлығымыз. Қазақ жері сан түрлі ұлт пен ұлысқа пана болған қасиетті мекен. Бүгінде сол халықтардың барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Татулық пен тұрақтылық бар жерде ғана береке мен өркендеу болады. Сондықтан осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ міндет, – деді ол.

Кештің көркемдік бөлімі Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі жанындағы «Жігер» фольклорлық ансамблінің орындауымен бастау алды. Ансамбль Шәмшиден Шәріповтың «Ауыл шаттығы» күйін, сондай-ақ Түркештің «Көңіл ашар» күйін шебер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік бағдарлама барысында театрландырылған қойылым ұсынылып, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрі сахна төрінде көрініс тапты. Онда орыс, түрік, корей, татар, өзбек, украин, грузин, шешен және қазақ ұлттарының ұлттық киімдері мен билері арқылы көрерменге бірліктің жарқын көрінісі ұсынылды. Әрбір өнер Қазақстанды ортақ Отан еткен халықтардың татулығын айшықтай түсті.

Кештің шарықтау шегінде «Мекенім – Қазақстан» әні шырқалып, түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, ел бірлігінің символдық көрінісін сомдады. Бұл көрініс көрермен жүрегіне ерекше әсер қалдырды.

Сондай-ақ, мереке аясында бүгінгі шараға әрі ауданның дамуына, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар мекемелерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Атап айтсақ, олар Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі, «Қарлығаш», «Өркен», «Балдырған», «Бәйтерек», «Нұршуақ» балабақшалары, аудандық аурухана, Өркен және Абай орта мектептері, гимназия мектебі мен Аққыстау орта мектебінің ұжымдарына табыс етілді.

Осындай тағылымы мол шаралар – ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтудың жарқын үлгісі. Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды болары сөзсіз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT