Ауданда ұлттық дәстүр мен асыл дінді дәріптеген кездесу өтті

 

Исатай ауданында рухани танымды тереңдетіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымы мол кездесу өтті. Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен, «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен «Рухани байланыс» рухани-ағартушылық шарасы аясында аудан тұрғындары исламтанушы маманмен жүздесіп, дін мен дәстүр төңірегінде кеңінен пікір алмасты. 

Ауқымды рухани іс-шараға Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, исламтанушы, РАНТ мүшесі Қуаныш Тоқсанбайұлы Әбишев арнайы қатысып, өңір жұртшылығымен бірнеше бағытта кездесу өткізді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – діни білімді жетілдіру, деструктивтік діни ағымдардың алдын алу, дәстүрлі дінді насихаттау және жергілікті теологтармен тәжірибе алмасу болды. 

Исатай ауданындағы негізгі кездесу «Жалын» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. «Ұлттық дәстүр – ұрпақтың рухани өзегі» тақырыбында өткен басқосуға жастар, спортшылар және аудан тұрғындары қатысты. Кездесу барысында спикер ұлттық болмыс пен рухани тәрбиенің өзара байланысына тоқталып, дінді дұрыс түсінудің маңызы жөнінде мазмұнды ой өрбітті. Сондай-ақ жастар тәрбиесі, әлеуметтік желідегі діни ақпараттардың әсері, қоғамдағы рухани иммунитет қалыптастыру мәселелері де кеңінен қозғалды. 

Тағылымды кеш еркін форматта өтіп, қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Жиналған жұртшылық ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәстүрлі дінді дәріптеу бағытындағы мұндай кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Кездесуге қатысқан аққыстаулық тұрғын Айбын Ерназаров өз әсерімен бөлісті.

— Осындай рухани кездесулер қазіргі қоғамға ауадай қажет. Бүгін дін мен дәстүрдің бір-бірінен ажырамайтын ұғым екенін тереңірек түсіндік. Әсіресе жастарға берер тәрбиесі мол болды. Көптен көкейде жүрген сұрақтарға жауап алып, рухани серпіліп қалдық, — деді ол.

Бағдарлама аясында аудан орталығындағы «Зинеден Құрасұлы» мешітінде жұма уағызы ұйымдастырылды. «Дін мен дәстүр үндестігі – ұлт тұтастығының негізі» тақырыбындағы уағызда ел бірлігі, ұлттық тәрбие және рухани сабақтастық мәселелері кеңінен сөз болды. 

Рухани құндылықтарды дәріптеген мазмұнды кездесу аудан тұрғындарына ерекше әсер қалдырып, ұлттық сана мен рухани тәрбиенің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

 

Е.ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT