Ауданда мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті

 

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай аудан орталығында «Мемлекеттік рәміздерім – мақтанышым» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Ел тәуелсіздігінің басты нышандарын ұлықтауға арналған жиынға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов пен мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиын басталар алдында Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары мен «Isatai Run» тобының марафоншылары Мемлекеттік рәміздер күніне орай 4 шақырымдық мерекелік жүгіру ұйымдастырды. Бұл шара салауатты өмір салтын насихаттаудың және мемлекеттік мерекенің маңызын айшықтаудың жарқын үлгісіне айналды.

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды. Одан кейін қатысушылар бірлесе Мемлекеттік Әнұранды орындап, елдік пен бірліктің, Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген ерекше құрметін көрсетті.

 

 

Мерекеде сөз алған аудан әкімі Нұрым Мусин тұрғындарды атаулы күнмен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы маңызына тоқталды.

 

 

– Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің айбыны мен абыройы, халқымыздың рухани тұғыры. Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – Тәуелсіздігіміздің қасиетті белгілері. Олар өткенімізді дәріптеп, бүгінімізді айқындап, болашағымызға бағыт береді. Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, олардың мәртебесін биік ұстауы тиіс. Көк Туымыз көкте мәңгі желбіреп, Әнұранымыз асқақтай берсін, – деді аудан басшысы.

 

 

Мерекелік шараның сәнін аудан өнерпаздары Болат Мағзомов пен Аман Тарихтың орындауындағы патриоттық әндер кіргізді. Елге деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштік рухты дәріптеген әндер көпшілік көңілінен шығып, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

 

 

Айтулы күн аясында аудан мекемелері арасында кіші аяқдоптан жарыс ұйымдастырылып, қызметкерлер спорттық бәсекеде бақ сынады. Сонымен қатар орталық алаңда «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым» тақырыбында сурет байқауы өткізіліп, жас суретшілер туған елге деген сүйіспеншіліктерін шығармашылық жұмыстары арқылы паш етті.

 

 

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар аудан жұртшылығының елдік құндылықтарға деген құрметін арттырып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты нығайтуға ықпал етті.

 


Сағыныш Қайыр,
Суреттер түсірген: Еркебұлан Зинеденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT