АУДАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

 

Бүгін Исатай ауданындағы «Тәуелсіздік» алаңында 25 қазан – Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шара Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталып, ұлттық мерекенің мән-маңызын айшықтады. Әнұран әуенімен бірге алаңға жиналған жұртшылықтың бойын патриоттық рух кернеп, елге деген мақтаныш сезімі арта түсті.

 

 

Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі елдік пен бірліктің, азаттық пен тәуелсіздіктің жарқын көрінісіне айналды. Көк байрақты биікке көтеру құрметі Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі, жас маман Ербол Ануарбекұлына бұйырды. Көк Тудың көкке көтерілген сәті – халқымыздың азаттығын, мемлекетіміздің тұтастығын және жарқын болашаққа деген сенімін бейнелеген ерекше сәт болды.

 

 

Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрым Мусин мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтады. Олар ел амандығы мен жұрт тыныштығын, Тәуелсіздік тұғырының берік болуын тілеп, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды.

 

 

– Республика күні – мемлекетіміздің тарихындағы ең қастерлі күндердің бірі. Бұл – елдің еркіндігі мен еңсесін айқындайтын мереке. Әрқайсымыз осы күннің мәнін жүрегімізде сезінуіміз керек, – деді аудан әкімі.

 

 

Алаңға жиналған мемлекеттік қызметшілер, мұнай саласының мамандары, ұстаздар мен дәрігерлер, полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, ардагерлер мен жастар ортақ мерекенің қуанышын бөлісті. 

 

 

Түрлі сала өкілдерінің басын қосқан шара елдік құндылықтарды ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығы мен отаншылдықтың маңызын айқындай түсті.

 

 

Мерекелік көңіл күйді аудан өнерпаздарының патриоттық әндері асқақтатып, елдік рухты дәріптеген концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT