Отбасы – адамды адам ететін алғашқы тәрбие мектебі. Ал сол шаңырақтағы сыйластық пен салт-дәстүр, еңбек пен тәрбие ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда, бір әулеттің өнегесі тұтас елдің рухани байлығына айналады. Осындай отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі де өнегелі шаңырақтардың басын қосып, тағылымды кешке ұласты.

Аудандық кезеңнің марапаттау рәсімі «Жалын» мәдениет үйінде өтіп, оған ауданның жеті ауылдық округінен сегіз отбасы қатысты. Исатай ауылдық округінен – Қарабалиндер, Зинеденнен – Сұлтановтар, Жанбайдан – Сапабековтер, Нарыннан – Жәрдемовтер, Тұщықұдықтан – Шадияровтар, Аққыстаудан – Бөлековтер, Қамысқаладан Сәбиевтер мен Күзембаевтар отбасы өз шаңырағының өнегесін ортаға салды.

Әр отбасы үшін бұл байқау жай ғана бақ сынайтын дода емес, әулет тарихын түгендеп, атадан балаға жеткен дәстүрді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіндегі өз ұстанымын көпшілікке танытудың мүмкіндігі болды. Қатысушылардың арнайы әзірлеген бейнероликтері арқылы олардың күнделікті тыныс-тіршілігі, еңбек жолы, отбасылық дәстүрі мен жетістіктері көпшілікке көрсетілді.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов сөз алып, байқауға қатысқан барлық отбасына ризашылығын білдірді. Қатысушы шаңырақтардың әрқайсысына аудан әкімдігі атынан Алғыс хат пен 50 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Ал аудан және Атырау қаласынан арнайы келген өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, мерекелік кештің ажарын аша түсті.

Байқау қорытындысында Аққыстау ауылдық округінің Бөлековтер отбасы үздік деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Бөлековтер әулетінің тарихы – бір шаңырақтың ғана емес, отбасы үшін ғұмырын арнаған ананың өнегелі жолы. Әулеттің алтын діңгегі – 80 жастағы Бадеш Хамметова. Алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде 8 немере, 15 жиен, 5 шөберенің қызығына бөленіп отырған бақытты әже.

Өмірдің талай сынағын көрген Бадеш апа жолдасы өмірден ерте озғаннан кейін алты баласын жалғыз өзі өсіріп, олардың білім алып, ел қатарлы азамат болуына бар күшін жұмсаған. Бүгінде балаларының әрқайсысы жоғары білім алып, өз саласында еңбек етіп, елге қызмет етіп жүр. Ана үшін бұдан асқан марапат та, байлық та жоқ.
Өзі де ұзақ жыл медицина саласында еңбек етіп, сырқат жандардың жанынан табылған Бадеш апа бала тәрбиесінде еңбектің, тазалықтың, жауапкершіліктің маңызын ұдайы алға қойған. Балаларын ауладағы әр талды күтіп-баптауға, табиғатты аялауға үйреткен. Өз қолдарымен жеміс ағаштарын отырғызып, оның жемісін бірге көруді отбасылық дәстүрге айналдырған. Бүгінде бұл ұстаным кейінгі ұрпаққа да жалғасып келеді.

«Менің ең үлкен байлығым да, еңбегімнің жемісі де – осы ұрпағым. Балаларымның өсіп-өнгенін, немере-шөберелерімнің тәрбиелі болып келе жатқанын көру – мен үшін үлкен бақыт. Бар тілегім – ұрпағым аман болып, білімді, тәрбиелі азамат болып өссе екен. Елге пайдасын тигізіп, адал еңбек етсе екен»,-дейді Бадеш Хамметова.
Шын мәнінде, «Мерейлі отбасы» байқауының мәні де осында. Мұнда жеңіс тек бір отбасының еншісіне бұйырған жүлде емес. Бұл – балаға берілген тәрбиеге, жылдар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрге, үлкенге құрмет пен кішіге ізетке берілген баға. Берекелі шаңырақ көбейген сайын елдің де еңсесі биіктейді. Өйткені мықты отбасы – мықты қоғамның, ал өнегелі ұрпақ – ел болашағының берік негізі.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


