7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Қайсар рух – мәңгілік ел тірегі» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Тағылымы мол кеш патриоттық рух пен елдік мұратты ұлықтаған мазмұнды шараға айналды.
Салтанатты жиын заманауи форматта бастау алды. Кеш шымылдығы жасанды интеллект көмегімен әзірленген арнайы бейнероликпен ашылып, онда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу тарихы, қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі қуатты әлеуеті кеңінен көрініс тапты. Бейнеролик арқылы көрермендер ел қорғаны болған азаматтардың жауапты қызметі мен Отан алдындағы адал борышының маңызын терең сезінді.

Мерекелік жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімі Нұрым Мусин Отан қорғаушылардың қоғамдағы орны мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне ерекше тоқталды.
— Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Бүгінгі таңда ел тыныштығын күзетіп, шекараның беріктігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың еңбегі зор құрметке лайық. Сіздердің ерліктеріңіз бен адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі. Ел қауіпсіздігі жолындағы табанды еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры әрқашан биік, қорғаны мықты болсын, – деп мереке иелерін құттықтады.

Салтанатты кеш барысында аудан әкімінің Алғыс хатымен бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Исатай батыр» шекарасы мобильдік топтың бөлімше басшысы Аманбек Қабделұлы, Исатай ауданы полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары Бағытжан Исаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесінің жүргізушісі Жеңіс Болатұлы, Ауған соғысының ардагері Нургуат Аманбайұлы және Аққыстау орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Ермек Бауржанұлы марапат төрінен көрінді.

Мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Манарбек Үмбеталиев те құттықтау сөз сөйлеп, елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға марапаттар табысталды. Олардың қатарында Жанбай шекара бөлімшесінің жауынгері Даурен Сағынбайұлы, өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Мұхит Сергейұлы, Семей полигонында әскери борышын өтеген ардагер Кайролла Лұқпанұлы және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Парух Ғатауұлы бар.

Бұдан бөлек, Абылай Жұмағазиев, Қалиахмет Сибатоллаұлы және Еркін Зинешұлы аудандық полиция бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапаттар ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік жолындағы адал қызметтің айқын көрінісі болды.

Іс-шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Патриоттық рухтағы әндер жанды дауыста орындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсерлі әуендер мен мазмұнды қойылымдар көпшілік көңілінен шығып, мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.

Тағылымы терең мерекелік кеш ел қорғаушыларға деген құрметті арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты нығайтуға, елге қызмет ету ұғымының қадірін терең ұғындыруға өз үлесін қосты.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

