Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Білім берудегі сабақтастық пен сапа: жаңа оқу жылындағы басым міндеттер» тақырыбында аудандық тамыз кеңесі өтті.
Жаңа оқу жылын жаңа міндеттер мен тың мақсаттарға бағдарлаған алқалы жиынға ардагер ұстаздар, облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Гульмира Губайдуллина, аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Жәнібек Ещанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева сондай-ақ педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары мен мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесінің шымылдығы мәдениет үйінің ауласында ұйымдастырылған көрмемен ашылды. Көрмеде аудан мектептерінің оқушылары қолынан шыққан қолөнер туындылары, шығармашылық және өнертапқыштық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Алқалы жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, одан әрі экран арқылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың жаңа оқу жылының басталуына орай жолдаған құттықтауы көрсетілді. Алғашқы сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өткен оқу жылындағы жетістіктер мен алдағы кезеңдегі басым міндеттерді атап өтті. Одан кейін сөз алған облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Гульмира Губайдуллина ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім сапасын арттырудағы педагог еңбегінің маңыздылығына тоқталды. Жиында мектеп-гимназия директоры Табила Исмагулова «Басқарушы команда: мәселеден – шешімге» тақырыбында баяндама жасап, білім беру ұйымдарын басқарудағы заманауи талаптар мен тиімді шешімдер жөнінде ой бөлісті. Ал аудан әкімі Нұрым Мусин ұстаздарға ізгі тілегін білдіріп, ел дамуының негізінде білім мен тәрбиенің, ал оның өзегінде ұстаз еңбегінің тұрғанын атап өтті.
– Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, елдің ертеңін қалыптастыратын ұлы тұлға. Бүгінде биік белестерді бағындырған әрбір азаматтың өмір жолында бір ұстаздың еңбегі бар. Ақын да, әкім де, ғалым да, дәрігер де, елге қызмет етіп жүрген кез келген азамат ең алдымен ұстаздан тәлім алған. Ұстаз шәкіртке білімнің шамын жағып қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіреді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз – бір күннің емес, тұтас ұрпақтың болашағына салынған берік негіз. Барша ұстаздарға жаңа оқу жылында шығармашылық ізденіс, кәсіби табыс, шәкірттеріңіздің биік жетістіктерін көруді тілеймін. Әр сабағыңыз нәтижелі, әр шәкіртіңіз талапты, әр еңбегіңіз жемісті болсын,-деді ол.
Жиынның ең тағылымды тұсы – білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Салтанатты шара барысында бірқатар педагогтер облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, аудан әкімінің Алғыс хатына, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Солардың ішінде ерекше марапатқа «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Айтолқын Изтаева ие болды. Ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісінің үздігі» Құрмет дипломымен марапатталды. Білім саласында 36 жыл еңбек еткен Айтолқын Изтаева еңбек жолын қарапайым тәрбиешіліктен бастап, кейін әдіскер, бүгінде меңгеруші қызметіне дейін көтерілген. Ұзақ жылғы еңбегі мен кәсіби ізденісінің нәтижесінде талай жетістікке қол жеткізген марапат иесі бұл күнді үлкен толғаныспен қабылдады.
– Осы білім саласында қызмет етіп келе жатқаныма биыл 36 жыл толды. Еңбек жолымды балабақшадағы қарапайым тәрбиешілік қызметтен бастап, кейін әдіскер, қазіргі таңда меңгеруші қызметін атқарып келемін. Осы жылдар ішінде талай белесті бағындырып, кәсіби тұрғыдан мол тәжірибе жинақтадым. Еңбегімнің еленіп, әріптестерім мен тәрбиеленушілерімнің жетістігіне ортақтасып жүргенімді зор мақтаныш тұтамын. Бүгінде жеткен жетістіктерімнің барлығы – менімен бірге еңбек етіп келе жатқан білікті де бірлігі жарасқан ұжымымның жемісі деп білемін. Сондықтан осы сәтте әріптестеріме шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің қолдауларыңыз бен еңбектеріңіз мен үшін әрдайым қымбат. Аудандық тамыз кеңесінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің марапатына ие болуым – мен үшін үлкен мәртебе әрі көп жылғы еңбегіме берілген жоғары баға. Осы марапатқа лайық деп танып, ұсынған аудандық білім бөлімі басшылығына ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл марапат – тек менің ғана емес, бірге еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерімнің еңбегіне берілген баға деп есептеймін. Барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Жаңа оқу жылы толағай табысқа, шығармашылық ізденіске, биік жетістіктерге толы болсын. Еңбегіміз еленіп, шәкірттеріміздің жетістігіне қуанып жүре берейік,-деді Айтолқын Изтаева.
Тағылымды жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, мерекелік көңіл күймен қорытындыланды.
Тамыз кеңесі – өткенге есеп беріп, келешекке бағдар жасайтын маңызды басқосу. Білім сапасы мен ұстаз мәртебесі, ұрпақ тәрбиесі мен педагогтің кәсіби дамуы сынды өзекті мәселелер ортаға салынған жиын жаңа оқу жылына нық қадам басуға жол ашты.
Еркебұлан УАЛИТХАН


