Көктемнің жаңаруымен бірге келетін Наурыз мейрамының әр күні өзіндік мазмұн, өзіндік мәнге ие. Соның бірі – 23 наурызда атап өтілетін Тазару күні. Атаулы күн қоршаған ортаны тазалау ғана емес, жан мен сананы жаңғыртып, табиғатпен үйлесім табуға үндейтін ерекше күн.


Наурызнама онкүндігінің қорытындысына айналған бұл мейрам еліміздің түкпір-түкпірінде игі істермен өрнектеледі. Ағаш отырғызу, аула тазалау, көше-көшені ретке келтіру – барлығы да экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген жанашырлықты арттыруға бағытталған.

Осы игі дәстүр ауданымызда да жалғасын тапты. Тазару күніне орай ұйымдастырылған сенбілікке ауданға қарасты мекемелер белсенді түрде атсалысты. Таңмен таласа басталған тазалық жұмыстары барысында көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, айнала ажарлана түсті. Қатысушылар тек қана тазалық жұмыстарымен шектелмей, ортақ іске жұмылудың, бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтың айтуынша, Тазару күні аясындағы сенбілікке аудан мекемелерінен 150-ге жуық адам қатысып, 25 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 30 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, аумақтар тазартылды. Бұл – тазалыққа деген жауапкершілік пен ортақ іске деген жанашырлықтың айқын көрінісі.

Бұл мереке тек сыртқы тазалықпен шектелмей, ішкі жаңарудың да мәнін айқындайды. Айналаны ретке келтіру арқылы адам өз болмысына үңіліп, табиғатпен байланысын тереңірек сезіне түседі. Тазару күні – ұрпаққа үлгі, қоғамға үндеу. Табиғатты аялау бір күндік науқан емес, ол – әр күннің дағдысына айналуы тиіс асыл құндылық.

Жаңарған табиғатпен бірге жаңарған сана, тазаланған орта – Тазару күнінің басты жемісі осы.


