Исатай аудандық Отбасын қолдау орталығы алғаш рет «Некеге дейінгі және неке құрған жас отбасыларға арналған оқыту» бағдарламасы аясында алғашқы бақылау тобымен жұмыс жүргізді. Оған сала мамандары мен үш отбасы қатысты.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарды саналы әрі жауапты отбасылық өмірге дайындау, болашақ ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігін арттырып, отбасылық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар қатысушылардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, отбасын жоспарлау мен репродуктивтік денсаулық жөніндегі білімін кеңейту, отбасындағы келіспеушіліктердің алдын алу көзделді.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін оқыту бағдарламасы бес негізгі модульге бөлінді. Әр бағыт бойынша арнайы мамандар мен тәжірибелі спикерлер қатысып, отбасылық өмірдің түрлі қырын қамтитын түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алғашқы модуль «Серіктестік және жауапкершілік» тақырыбына арналды. Бұл бағытта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз, қоғамдық медиатор Ерболат Насимулин отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесінің мәніне тоқталды. Ол жас отбасылардың өмірлік көзқарасын қалыптастыруда аға буынның тәжірибесі мен тағылымының орны ерекше екенін атап өтті.
Спикердің айтуынша, жастар ата-ананың қадірін, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті және жақындарға қамқор болудың маңызын терең түсінуі керек. Осы орайда жетім балалар үйі мен қарттар үйіне барудың тәрбиелік мәніне тоқталып, мұндай орындардағы өмірмен танысу адамға жақындарының қадірін ұғындырып, өмірге деген көзқарасын өзгертуі мүмкін екенін жеткізді.
Отбасындағы жауапкершілік тек өзара сыйластықпен шектелмейді. Ол болашақ ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесіне де тікелей қатысты. Осы мәселе екінші «Отбасын жоспарлау және репродуктивтік денсаулық» модулінде кеңінен қозғалды. Исатай аудандық ауруханасының жоғары санатты акушері Эльмира Бекмуханова репродуктивтік денсаулықтың адамның физикалық, психологиялық және әлеуметтік саулығымен тығыз байланысты екенін түсіндірді.
Маман отбасын жоспарлаудағы басты мәселелердің бірі – жүктілікке саналы түрде дайындалу, ана денсаулығын сақтау және жауапты ата-ана болу екенін атап өтті. Болашақ ана жүктілікті жоспарлау кезеңінен бастап дәрігер кеңесіне жүгініп, қажетті медициналық тексерулерден өтуі, дұрыс тамақтану тәртібін ұстануы қажет. Сондай-ақ фолий қышқылын қабылдау мәселесін маманмен кеңескен жөн. Ал жүктілік кезінде тұрақты медициналық бақылау мен дұрыс күтім ана мен баланың денсаулығы үшін айрықша маңызды. «Дені сау ана – дені сау ұрпақ» қағидасын негізге алған маман қатысушыларды денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Отбасылық өмірдің тағы бір маңызды қыры – ерлі-зайыптылардың заң алдындағы құқықтары мен міндеттерін білуі. Осыған орай үшінші модуль «Құқықтық сауаттылық» тақырыбын қамтыды. Қатысушыларға неке ұғымы, оны тіркеудің заңды шарттары мен некеге тұруға кедергі келтіретін жағдайлар түсіндірілді.
Атап айтқанда, некеге тұру үшін екі тараптың ерікті әрі толық келісімі болуы, заңда белгіленген неке жасына толуы және заңдық кедергілердің болмауы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар адамның басқа тіркелген некеде болуы, жақын туыстар арасындағы неке, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған тұлғамен некеге тұру секілді заңда көзделген шектеулерге тоқталды. Қазақ халқының «Жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрі де ұрпақ сабақтастығы мен отбасы тәрбиесіндегі маңызды ұстаным ретінде сөз болды. Модуль барысында некенің екі адамның бас қосуымен ғана шектелмейтіні, оның заң алдындағы тең құқық пен ортақ жауапкершілікке негізделетіні түсіндірілді.
Ал ортақ жауапкершіліктің күнделікті өмірде көрініс табатын маңызды бағыттарының бірі – қаржылық тұрақтылық. Төртінші «Қаржылық сауаттылық» модулінде аудандық мәслихат депутаты, аудандық Іскер әйелдер қоғамының төрайымы, әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Тахаева жас отбасыларға ортақ бюджетті жоспарлау мен қаражатты тиімді жұмсаудың жолдарын таныстырды.
Спикер өзінің кәсіпкерлік жолын 2017 жылы үй жағдайында бастағанын, уақыт өте келе кәсібін кеңейтіп, үлкен дүкенге айналдырғанын мысалға келтіріп, жеке тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, отбасылық бюджетті жоспарлау үш негізгі бағыттан тұрады. Біріншісі – кіріс, яғни отбасына түсетін барлық қаражат. Екіншісі – шығыс, оған азық-түлік, тұрғын үй, коммуналдық төлемдер, жол, киім-кешек, оқу және басқа да қажеттіліктер кіреді. Үшіншісі – жинақ, яғни болашақ мақсаттар мен күтпеген жағдайларға арнап қаражат сақтау.
Кіріс пен шығысты ай сайын есепке алып отыру қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Осы ретте спикер отбасылық бюджетті бірлесіп жоспарлаудың, қаражат мәселесін өзара ақылдасып шешудің және қаржылық жауапкершілікті тең бөлісудің маңызын атап өтті.
Бағдарламаның соңғы, бесінші модулі «Эмоциялық интеллект және отбасындағы коммуникация дағдылары» тақырыбына арналды. Аққыстау орта мектебінің сарапшы-психологы Гүлдаурен Меңдіғалиева отбасындағы психологиялық ахуал, өзара түсіністік және келіспеушіліктерді шешу жолдары туралы әңгімеледі.
Маман отбасылық дағдарыстың ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас тәсілдері өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделу қажеттілігі туындайтын кезең екенін түсіндірді. Мұндай уақытта түсініспеушілік, реніш, қажеттіліктердің сәйкес келмеуі мен пікір қайшылығы орын алуы мүмкін. Сондықтан кез келген мәселені айқаймен немесе өкпемен шешуге тырыспай, бір-бірін тыңдап, ашық сөйлесу маңызды.
Кездесу барысында қатысушыларға ойлануға арналған түрлі сұрақтар қойылып, пікір алмасу ұйымдастырылды. «Қарым-қатынастағы қиын кезең дегеніміз не?», «Ренішті қалай дұрыс жеткізуге болады?» деген сауалдар төңірегінде ой қозғалды. Психолог күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестерімен бөлісіп, отбасында туындаған мәселені сабырмен талқылап, ортақ шешім қабылдаудың маңызын түсіндірді.
Осылайша бес модульді қамтыған оқыту бағдарламасы отбасы өмірінің өзара сабақтас бес бағытын – серіктестік пен жауапкершілікті, денсаулықты, құқықтық сауаттылықты, қаржылық жоспарлауды және психологиялық үйлесімділікті бір арнаға тоғыстырды. Әр маман өз саласы бойынша тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларға күнделікті тұрмыста кездесуі мүмкін мәселелердің алдын алу мен оларды шешудің жолдарын көрсетті. Өйткені берік отбасы өздігінен қалыптаспайды. Ол – екі адамның ортақ ниеті, үздіксіз еңбегі мен бір-біріне деген жауапкершілігінің нәтижесі. Ал отбасылық өмірге қажетті білім мен дағдыны алдын ала меңгеру – сол жауапкершілікті сезінудің алғашқы қадамы. Исатай ауданында қолға алынған бұл бастама да жастардың некеге саналы түрде қадам басуына және отбасылық құндылықтарды берік ұстануына бағытталған.
Гүлнұр ӨТЕУ



