Қыстың қамы – жаздан. Бұл – атакәсіпті серік еткен исатайлық шаруалар үшін жай ғана мақал емес, күнделікті еңбектің бұлжымас қағидасы. Өйткені төрт түліктің қыстан қоңды шығуы да, көктемге аман жетуі де дәл осы жазғы науқанда жиналған жем-шөп қорына байланысты. Сондықтан күн қыза салысымен ауданның шабындық алқаптарында техниканың үні естіліп, еңбек қыза түседі.
Биылғы қыс мал баққан ағайынға оңай тиген жоқ. Қардың қалың түсуі мен ауа райының қолайсыздығы табиғаттың тосын мінезіне тағы бір мәрте куә етті. Осындай кезеңдерде әр бума шөптің, әр рулон мал азығының бағасы арта түсетіні анық. Сол себепті аудан шаруалары биылғы науқанға ерекше жауапкершілікпен кірісіп, қысқы азық қорын молынан жинауға күш салуда. Бүгінде ауданда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл қыстаққа қажетті 80 мың тонна шөп әзірлеу жоспарланса, бүгінге дейін соның 51 пайызы дайындалған. Науқанға 20 трактор, 15 тіркеме және өзге де арнайы техникалар жұмылдырылып, 25 адам еңбек етуде.
Қазіргі ауыл шаруашылығы тек маңдай терге ғана емес, жаңа технологияға да арқа сүйейді. Мұның жарқын мысалы – «Ерасыл» шаруа қожалығы. Мұнда жаңбырлатып суару жүйесінің көмегімен жоңышқа мен судан шөбі өсіріліп, қысқы мал азығының қоры жасақталуда. Шаруашылық жыл сайын егіс көлемін ұлғайтып келеді. Өткен жылы 70,6 гектар жерге мал азықтық дақыл егілсе, биыл бұл көрсеткіш 80 гектарға дейін жеткен.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұхановтың айтуынша, жаңбырлатып суару технологиясын енгізген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, бұл технологияға жұмсалған шығынның 80 пайызға жуығы субсидия арқылы өтеледі. Бүгінде алқапта 6 жұмысшы мен 10-ға жуық техника тынымсыз еңбек етіп, мыңға жуық рулон шөп дайындалған.
Ауданға қажетті 80 мың тонна шөп қорының 50 мың тоннасы Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және көршілес аудандардан жеткізілсе, қалған 30 мың тоннасы ауданымыздың құмды алқаптары мен теңіз жағалауындағы шабындықтардан дайындалуда. Алдағы қыстақ маусымында аудан бойынша 32 мыңнан астам ірі қара, 46 мыңнан астам қой-ешкі, 29 мыңнан астам жылқы және 11 мыңнан астам түйені қыстан аман алып шығу жоспарланып отыр,-дейді бөлім басшысы.
Шаруашылықтың көркін кіргізіп тұрған жаңбырлатып суару қондырғысы алыстан-ақ көз тартады. Ұзындығы шамамен 480 метр болатын бұл заманауи жүйе алқапты біркелкі суарып, шөптің қайта қаулап өсуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде орылған жоңышқа мен судан шөбі бір айға жуық уақыт ішінде қайта көктеп, 10–15 сантиметрге дейін бой көтереді. Бұл бір маусымда бірнеше мәрте орым жүргізіп, мал азығы қорын әлдеқайда мол жинауға жол ашады. Жаңбырлатып суару жүйесінің тиімділігі мен шаруашылықтағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «Ерасыл» шаруа қожалығының бригадирі Жанайдар Тілекқабылұлы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл жоба бір күнде жүзеге асқан жоқ.
– Бұл алқапты 2024 жылы игеруге алдық. Алғашқы жыл түгелдей жерді дайындау жұмыстарына арналды. Ал 2025 жылы жаңбырлатып суару технологиясын іске қостық. Әуелгі кезде жердің құнарлылығы толық қалыптаспағандықтан, өнім күткендегідей болмады. Дегенмен алғашқы нәтижесін сол жылы-ақ көрдік. Жыл өткен сайын өнім көлемі де, сапасы да артып келеді. Биыл бірінші орымнан 500-ге жуық рулон шөп жинасақ, екінші орымнан мыңға дейін рулон дайындауды жоспарлап отырмыз. Бұл ең алдымен өз шаруашылығымыздың қажеттілігі үшін қолға алынған жоба. Себебі бізде мал бордақылау бағыты да қатар дамып келеді. Сондықтан мал азығын өзіміз дайындауға басымдық беріп отырмыз. Алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, тұрғындарды да сапалы мал азығымен қамтамасыз ету ойымызда бар. Қолданыстағы жаңбырлатып суару қондырғысының жұмыс жылдамдығы алқаптың қажеттілігіне қарай реттеледі. Бүгінде оны екі оператор тәулік бойы кезектесіп басқарады. Осылайша құрылғы 80 гектар егістік алқабын шамамен екі тәулікте толық суарып шығады,-дейді шауагер.

Демек, бүгін шабындықта қайнаған еңбек – ертеңгі қыстың берекесінің кепілі. Ал шаруалардың басты тілегі – ауа райының қолайлы болып, жоспарланған жемшөп қоры толық жиналып, төрт түлік қыстан қоңды шығуы.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН,
суреттерді түсірген автор


