Аудандағы инфрақұрылымдық жобалардың қарқыны бақылауда

Атырау облысы әкімінің орынбасары, жол, инфрақұрылым және құрылыс саласына жетекшілік ететін Қайрат Нұртаев ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында ол өңірдегі әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзіміне айрықша назар аударды. Әр нысанның қазіргі ахуалы сараланып, мердігер мекемелердің жұмысына нақты талдау жүргізілді. Сонымен қатар құрылыс қарқыны бәсеңдеген және созбалаңға салынған жобалар бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріліп, шұғыл шаралар қабылданды. 

 

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Қайрат Талапұлы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Бұл жолғы сапар аясында сол тапсырмалардың орындалу барысы мен құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайына баса назар аударылды.

Жұмыс сапары аясында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрберген Утегенов өңірдегі бірқатар құрылыс нысандарының жүзеге асу барысымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Атап айтсақ, іссапар Томан елді мекенінен басталды. Мұнда облыс әкімінің орынбасары құрылысы аяқталған балабақша ғимаратын, Атырау-Астрахань тас жолына дейінгі тротуар салу жұмысын және көпқабатты тұрғын үйлердің қас-келбетін жаңғырту барысын көрді. Одан кейін жұмыс тобы Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай, Нарын, Исатай  және Зинеден ауылындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.

Сапар барысында мектеп, мәдениет үйі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, тұрғын үй, теміржол вокзалы, ауылішілік жол, электр желісі мен көше жарығы құрылыстарының барысы зерделенді.

Жұмыс сапарына облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нариман Биғали мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев те қатысты. Олар жетекшілік ететін салалар бойынша жауапты мердігерлердің есебін тыңдап, бірқатар мәселеге қатысты нақты түсініктемелер берді.

Облыс әкімінің орынбасары  барлық инфрақұрылымдық жобада саннан бұрын сапаға басымдық берілуі тиіс екенін атап өтіп, әрбір нысан халық игілігі үшін ұзақ жыл қызмет етуі және қауіпсіз болуы қажеттігін жеткізді.

Әсіресе әрбір нысанның белгіленген кестеге сай уақытылы аяқталуы, құрылыс сапасының жіті қадағалануы, аумақтарды көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесіне баса назар аударылып, жауапты мамандар мен мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктелді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT