Аудандық аналар форумында ерекше балаларды қолдау мәселелері талқыланды

 

Бүгін аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты аналарға арналған тағылымы мол форум өтті. Ұрпақ тәрбиесі мен бала дамуының өзекті мәселелерін арқау еткен мазмұнды жиын Жастар орталығы жанынан құрылған «Сырғалым» қыз-келіншектер клубы, «Айым» дамыту орталығы, «Белсенді кәсіпкер ханымдар» қоғамдық бірлестігі және аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.

Жиынға ауданы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Отбасын қолдау орталығының директоры Гулнара Саматқызы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудақызы, Аналар кеңесінің төрайымы Нурия Хамзақызы, сала мамандары мен ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар қатысты.

 

 

Форумның басты мақсаты – ата-аналарға бағыт-бағдар беру, ерекше балалардың дамуына қатысты маңызды ақпараттарды жеткізу және қоғамда түсіністік пен қолдауды арттыру.

 

 

Жиын барысында сөз алған мамандар бала дамуының қыр-сырын жан-жақты тарқатып, ерте диагностика, қозғалыс белсенділігі мен сенсорлық интеграцияның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, «Нәтиже» дамыту орталығының негізін қалаушы, дефектолог Дина Қуатқызы баланың дамуындағы ерте анықтаудың тиімділігін ерекше атап өтсе, АФК маманы Бекзат Отаров қозғалыстың бала денсаулығы мен дамуына әсерін нақты мысалдармен түсіндірді. Ал сенсорлық интеграция маманы Айдана Өтепқалиқызы балалардың сөйлеу дағдысына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ата-аналарға пайдалы кеңестерін ұсынды.

 

 

Сонымен қатар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Оксана Бейсембай өз өмір тәжірибесімен бөлісіп, көпшілікке терең ой салды. Оның айтуынша, «ерекше бала – тағдырдың сынағы емес, керісінше үлкен жауапкершілік пен мейірімге жетелейтін ерекше миссия».

 

 

Кездесу барысында қатысушылар еркін пікір алмасып, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алды. Мұндай мазмұнды шаралар ата-аналардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қоғамда ерекше балаларға деген жанашырлық пен қолдауды нығайта түсетіні анық.

 

 

Форум соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да осындай игі бастамалардың жалғасын табатынын жеткізді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT