Аудандық аурухана жаңа медициналық жабдықтармен толықты

 

Күрделі жөндеуден өткен аудандық аурухана бүгінде тек сыртқы келбетімен ғана емес, материалдық-техникалық базасымен де жаңарып келеді. Соның  дәлелі – аудандық ауруханаға жаңа медициналық құрал-жабдықтардың тарту етілуі. Бұл игі іске Каспий құбыр консорциумы  қолдау көрсетті.

 

 

Осыған орай ауданға Каспий құбыр консорциумы компаниясы басшысының орынбасары Қайыргелді Қабылдин мен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев арнайы келді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов қатысып, демеушілік көрсеткен азаматтар мен компания өкілдеріне алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

 

 

Келесі кезекте сөз алған аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулова өз сөзінде қуанышын жасырмай, жаңа медициналық құрылғылардың аудан халқы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгін біздің аурухана ұжымы үшін ерекше күн. Аталған компания тарапынан үш бірдей заманауи аппарат сыйға берілді. Оның қатарында УЗИ аппараты, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатор және жылыту жүйесі бар реанимациялық аппарат бар. Бұған дейін ауданымызда УЗИ аппараты болғанымен, эксперттік деңгейдегі құрылғы болмаған еді. Сондықтан жүрек тексеруінен өтуі қажет науқастарды облыс орталығына жіберуге мәжбүр болатынбыз. Мәселен, өткен жылы ғана 404 науқасымыз жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасау үшін облысқа жолданған. Биылдан бастап жаңа аппараттардың игілігін көріп отырмыз. Кардиолог маманымыз төрт айдың ішінде осы құрылғы арқылы 60-қа жуық тұрғынды тексеруден өткізді. Ал жағдайы күрделі науқастар ғана облысқа жіберіледі. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелерге арналған екі аппарат бұрын да болғанымен, олардың тозығы жеткен еді. Қазіргі таңда бұл құрылғылармен жұмыс жасайтын неонатолог және педиатр мамандарымыз бар. Инкубатор арқылы нәрестелерге алғашқы сағаттарында қажетті ем жүргізілсе, реанимациялық аппарат шала туған сәбилерге көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол.

 

 

Сондай-ақ салтанатты шара барысында жаңа туған нәрестелерге арналған бөлімшенің қызыл лентасы қиылды. Лентаны қию құрметі аталған компания басшысының орынбасары Қайыргелді Қабылдин мен Қамысқала ауылдық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Күләш Нұрмановаға берілді.

 

 

Аурухана ұжымы тарту етілген медициналық құрылғылардың көмегі орасан зор екенін айтады. Әсіресе, заманауи құрал-жабдықтардың келуі арқылы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артып, жұмыстың оң бағытқа бет алғанын жеткізді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT