Аудандық сотқа жаңа судья тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Мансұров Әбусағат Ақылбаянұлы Исатай аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.

Жаңа судьяны аудан әкімдігінің активіне және құқық қорғау саласының қызметкерлеріне Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин таныстырды.

 

Актив отырысында аудан әкімі Әбусағат Ақылбаянұлын жаңа қызметімен құттықтап, жауапты жұмысына сәттілік тіледі. Жиынға қатысқан сала мамандары да жаңа судьяға қызметінде табыс тілеп, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін ел игілігіне жұмсайтынына сенім білдірді.

 

Сот төрелігін жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Осы ретте құқық саласында мол тәжірибе жинақтаған жаңа судьяның аудан тұрғындарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сот төрелігінің әділ әрі ашық жүзеге асуына өз үлесін қосатынына сенім білдірілді.

Әбусағат Мансұров 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды экономикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2004 жылы Қарағанды облысы Абай аудандық соты кеңсесінің жетекші маманы қызметінен бастаған. Әр жылдары Абай аудандық сотында және Қарағанды облыстық сотында аға сот приставы лауазымдарында еңбек еткен.

2014 жылы Қарағанды облыстық соты кеңсесінің ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы қызметіне тағайындалған. Ал 2021 жылдан бастап Қарағанды облысы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Осылайша, сот жүйесінде еңбек жолын бастаған Әбусағат Ақылбаянұлы жиырма жылдан астам уақыт бойы құқық саласында қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Ендігі еңбек жолын Исатай аудандық сотының судьясы ретінде жалғастырмақ.


Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT