Исатай аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Жастар мәслихатының І шақырылым депутаттарын тағайындау рәсімі және алғашқы ұйымдастыру сессиясы өтті. Жиынға аудан әкімі Нұрым Мусин, аудандық мәслихаттың төрағасы Аманжол Рахметов, аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат аппаратының қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия барысында аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов жастар саясатын дамытуға өз үлесін қосатын белсенді жастардан құралған Жастар мәслихатының І шақырылым депутаттарын көпшілікке таныстырды. Сондай-ақ жаңа құрамдағы 11 депутатқа арнайы төсбелгі мен депутаттық мандаттарды салтанатты түрде табыстап, олардың алдағы қызметіне табыс тіледі.

Жиын барысында Жастар мәслихатының төрағасы, Зинеден ауылдық округінен сайланған Еркебұлан Зинеден мінберге шығып сөз сөйлеп, өзіне сенім білдірген әріптестеріне алғысын жеткізді.
–Жастар мәслихатының төрағасы болып сайлану – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осындай сенім білдірген әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта Жастар мәслихаты аудан жастарының үнін еститін, олардың бастамалары мен тың идеяларын қолдайтын тиімді алаңға айналады деп сенім білдіреміз. Біз жастарды толғандыратын мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешу жолында нақты ұсыныстар әзірлеп, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысамыз. Бірлескен еңбектің арқасында ауданымыздың дамуына өз үлесімізді қосып, жастардың әлеуетін жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді саламыз деп сенемін,-деді ол өз сөзінде.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин де сөз алып, жастардың белсенділігі мен бастамашылдығына жоғары баға беріп, жаңа құрамның жұмысына сәттілік тіледі.

Жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жол ашатын бұл бастама алдағы уақытта аудан жастарының өзекті мәселелерін көтеріп, олардың ұсыныстары мен тың идеяларын жүзеге асыруға тың серпін беретіні сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР


