Ауданға 52 тонна мал азығы жеткізілді

 


Биылғы қыс маусымында ауа райының құбылмалығы мен нарықтағы бағаның тұрақсыздығы шаруаларға оңай соққан жоқ. Мал азығы құнының өсуі ауыл тұрғындарын алаңдатқаны белгілі. Осындай жағдайда қолжетімді жем жеткізу әлеуметтік маңызы бар мәселеге айналды.

Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді. Жуырда Батыс Қазақстан облысынан 52 тонна тартылған ақбидай жемі әкелініп, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен ұсынылды. Оның 24 тоннасы Жанбай ауылдық округіне, 24 тоннасы Нарын ауылдық округіне және Томан бекетіне 4 тонна мал азығы бөлінді. Бұған дейін Жанбайға 18 тонна жеткізілгенін ескерсек, қолдау кезең-кезеңімен ұйымдастырылып отырғанын байқауға болады.

Маңыздысы – тек көлем емес, баға тұрақтылығы. Нарық құбылып тұрған тұста 25 келілік бір қап жемнің 2600 теңгеден сатылуы – шаруалар үшін елеулі жеңілдік. Бағаның қолжетімді болуына  жергілікті «Прикаспий Петролеум» кәсіпорны, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары мен мердігер мекемелер демеушілік көрсетті. Бұл – ортақ іске жұмылған ынтымақтың көрінісі.

 

 

Бұған дейін де көрші өңірден екі мәрте жем жеткізіліп, 8 ақпанда Қамысқала ауылына 39 тонна сатылған еді. Кейін Тұщықұдық пен Аққыстау ауылдық округтерінің тұрғындары да арзан азыққа қол жеткізді. Соңғы жеткізілімдерді қоса есептегенде, аудан бойынша барлығы 213 тонна ақбидай жемі сатылған.

Алдағы уақытта Исатай және Зинеден ауылдарына қосымша жеткізу жоспарланып отыр.

 

 

Қыс та аяқталып қалғанымен, мал шаруашылығында жауапты кезең енді басталады. Көктем – төл алу науқаны қызатын, малдың күйі мен күтімі ерекше назарға алынатын уақыт. Сондықтан жем-шөптің қолжетімді болуы әлі де өзекті. Маусым алмасқанымен, мал күтімі тоқтамайды. Көктемгі күйлі шығу – жазғы берекенің негізі


Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026