Бүгін Исатай ауданы әкімдігінде аудан активінің қатысуымен жиын өтіп, онда Исатай ауданының жаңа прокуроры таныстырылды. Басқосуға Атырау облысы прокурорының орынбасары Арман Алтайұлы Мұқанбетқалиев, аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы Мусин, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Атырау облысы прокурорының орынбасары Арман Алтайұлы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен ротациялау тәртібі негізінде Сахиев Абзал Смағұлұлының Исатай ауданының прокуроры болып тағайындалғанын хабарлады. Ол жаңа прокурордың өмірбаяны мен прокуратура органдарындағы көпжылдық еңбек жолына тоқталып, құқық қорғау саласында жинақтаған мол тәжірибесі аудандағы заңдылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар жаңадан тағайындалған аудан прокурорына жауапты қызметінде табыс, ел игілігі жолындағы жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған Абзал Смағұлұлы көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, өзіне жүктелген міндеттің үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Жиын барысында Атырау облысы прокурорының орынбасары Арман Мұқанбетқалиев 2023 жылдан бері Исатай ауданының прокуроры қызметін атқарған Аслан Тұрғанұлы Тұрғановқа ауданның құқық қорғау жүйесін дамытуға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі және жергілікті атқарушы органдармен қалыптастырған нәтижелі ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.
Өз кезегінде аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы сөз сөйлеп, Аслан Тұрғанұлының аудандағы қызметіне жоғары баға берді.
– Заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында атқарған еңбегіңіз аудан тарихында өзіндік із қалдырды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеп, көптеген маңызды мәселелердің оң шешілуіне үлес қостыңыз. Алдағы қызметіңізге табыс тілеймін, – деген аудан әкімі ауданымызға сіңірген еңбегін ескере отырып, заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін Аслан Тұрғановты аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Сондай-ақ аудан басшысы жаңадан тағайындалған Абзал Смағұлұлына жауапты қызметінде табыс тілеп, ауданның құқықтық тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына сәттілік білдірді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин мен Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұрлан Қайрденов сөз сөйлеп, жаңадан тағайындалған аудан прокурорына ақжарма тілектерін жеткізді. Олар ел мүддесіне адал қызмет ету, халықпен тығыз байланыс орнату, заң үстемдігін нығайту және құқықтық тәртіп орныққан мемлекет қалыптастыру жолында қажырлы еңбек ету маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бұрынғы аудан прокуроры Аслан Тұрғанұлына атқарған жемісті еңбегі үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Абзал Сахиевтің өмірбаяны мен осы уақытқа дейін атқарған қызметіне тоқталар болсақ, ол 1983 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданының Миялы ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы прокуратура органдарында бастаған. Әр жылдары Жылыой ауданы прокурорының көмекшісі және аға көмекшісі, Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, Мақат ауданы прокурорының көмекшісі, Атырау облысы прокуратурасының басқарма прокуроры, Жылыой ауданы прокурорының орынбасары, Атырау қаласы прокурорының орынбасары, Атырау облысы прокуратурасының басқарма бастығы, Индер ауданының прокуроры қызметтерін атқарды. Осы тағайындауға дейін Атырау облысы Құрманғазы ауданының прокуроры болып қызмет етті. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен ротациялау тәртібімен Исатай ауданының прокуроры лауазымына тағайындалған Абзал Смағұлұлы Сахиев – аға әділет кеңесшісі.
Жиын соңында қатысушылар жаңадан тағайындалған аудан прокурорына алдағы жауапты қызметінде табыс тілеп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына сәттілік білдірді.
Өз тілшіміз


