Еліміз үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері — тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің басты тіректерінің бірі. Егемен елдің ең басты құндылығы – оның бейбіт өмірі мен аумақтық тұтастығы. Осы құндылықтарды қорғау жолында Қарулы Күштердің атқаратын қызметі ерекше. Сондықтан да жас ұрпақты Отан қорғауға тәрбиелеу, оларды әскери қызметке дайындау – мемлекет үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін аса маңызды міндет.
Әскери қызмет – ер азаматтың ел алдындағы борышы мен азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Әскер қатарында қызмет ету жас жігіттерді тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке үйретіп қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтады. Осы тұрғыда елімізде жыл сайын көктемгі және күзгі мерзімді әскерге шақыру науқандары ұйымдастырылып, жас азаматтар әскери өмір мектебінен өтіп, Отан алдындағы парызын өтейді. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын табуда. Ауданымыздан көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында 210 азамат әскер қатарына жіберіледі. Бұл туралы аудандық қорғаныс істері бөлім басшысы, майор Айдос Мамырханұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақыру елімізде жыл сайын екі кезеңде жүзеге асырылады. 2026 жылы азаматтарды әскерге шақыру наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында өтеді. Бұл науқан Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған мерзімді әскери қызметшілерді запасқа шығару және жаңа шақырылымды әскерге алу туралы қаулы негізінде ұйымдастырылады. Әскерге шақыру барысында жас азаматтардың денсаулық жағдайы, психологиялық дайындығы және жалпы әскери қызметке жарамдылығы жан-жақты тексеріледі. Әскерге шақырылған азаматтар еліміздің қорғаныс жүйесінің негізгі құрылымдарында қызмет етуге мүмкіндік алады. Атап айтқанда, олар Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Бұл құрылымдардың әрқайсысы мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Шекара қызметі еліміздің мемлекеттік шекарасын күзетсе, Қарулы Күштер елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған. Ал Ұлттық ұлан қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кейбір азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылуы мүмкін. Мәселен, отбасы жағдайына байланысты бір баласы бар азаматтарға, жоғары немесе арнаулы оқу орындарында білім алып жүрген жастарға оқу мерзімі аяқталғанға дейін, денсаулық жағдайына байланысты немесе қоғамға қажетті мамандық иелері — мұғалімдер мен дәрігерлерге уақытша кейінге қалдыру қарастырылған. Бұл шаралар азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Айдос Мамырханұлының айтуынша, мемлекет әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары сарбаздарды әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар маңызды бағдарламалар мен жеңілдіктер енгізілген.
— Әскери қызмет, әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы. Бүгінгі таңда мемлекет сарбаздардың әлеуметтік қорғалуына ерекше мән беріп отыр. Мысалы, әскерге шақырылған азаматтарға несиелік демалыс беріледі. Яғни олардың банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдері қызмет барысында және белгілі бір мерзімге дейін кейінге қалдырылады. Бұл сарбаздарға әскери міндетін алаңсыз атқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әскери қызметін абыроймен аяқтаған жастарға білім алу саласында да бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Олар еліміздің жоғары оқу орындарына тегін білім алуға немесе ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге түсу мүмкіндігіне ие болады. Мұның барлығы жастарды әскери қызметке ынталандырып, олардың болашағына сеніммен қарауына жағдай жасайды. Біз үшін ең бастысы — жастардың патриоттық рухын көтеру, олардың ел алдындағы жауапкершілігін арттыру, — дейді ол.
Басшының айтуынша, мұндай әлеуметтік қолдау шаралары жастардың әскери қызметке деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы орнын нығайтуға да ықпал етеді. Әскер қатарында шыңдалған жастар кейін азаматтық өмірде де белсенді, тәртіпті әрі жауапты тұлға болып қалыптасады. Әскери қызмет – тек қару ұстап, әскери дайындықтан өту ғана емес. Бұл – шыдамдылық пен табандылықты, достық пен бірлікті үйрететін үлкен өмір мектебі. Әскерде шыңдалған жастар өздерінің физикалық және рухани тұрғыдан мықты екенін дәлелдеп, елдің сенімді тірегіне айналады.
Отан қорғау — тек әскери міндет қана емес, ол — азаматтық парыздың, ерлік пен елжандылықтың айқын көрінісі. Әскер сапында шыңдалған жас буын елдің болашағына сеніммен қадам басады. Сондықтан әрбір жас сарбаздың әскери өмірден алған тәжірибесі оның азамат ретінде қалыптасуына, елге адал қызмет етуіне жол ашатыны сөзсіз. Отанға деген адалдық пен патриоттық рух әрбір қазақстандықтың жүрегінде берік орнығып, елдің жарқын болашағына қызмет ете беретіні анық.
Еркебұлан УАЛИТХАН

