«Ауыл аманаты» жобасымен қос кәсіпкер кәсібін кеңейтті

 

Ауылда кейде үлкен кәсіптің бастауы қарапайым қажеттіліктен туындайды. Көлігін жуу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр болған тұрғындардың жағдайын ойлаған Х.Ерғалиев ауылының тұрғыны Азамат Құрманғалиев ауыл ішінде көлік жуу орталығы мен монша қызметін дамытуды қолға алған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы бастаманы кеңейтіп, кәсіпке қажетті құрал-жабдықтарды жаңартуға мүмкіндік берді.

Ауыл тұрғындары үшін күнделікті тұрмыстық қызметтердің қолжетімді болуы уақытты үнемдеп қана қоймай, елді мекендегі өмір сапасына да әсер етеді. Әсіресе, топырағы шаңды, жауын-шашынды күндері жолы лайсаң тартатын ауылда көлік жуу орталығына сұраныс бар. Азамат Құрманғалиев осы қажеттілікті ескеріп, ауылдастарына қолайлы жағдай жасауды әрі өз кәсібін дамытуды мақсат еткен.

 

 

Кәсіпкердің бұл бастамасы – ауылдағы сұранысты танып, оны нақты іске айналдырудың бір мысалы. Мұндай жобаларды қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аудан тұрғындарына да өз кәсібін бастауға немесе бұрыннан бар ісін кеңейтуге жол ашып отыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бағдарлама аясында ұсынылған 25 жобаның 12-сі мақұлданып, оның 9-ы қаржыландырылған. Бүгінде қаржылай қолдауға ие болған кәсіпкерлер жобаларын жүзеге асыруға кіріскен.

 

 

– Туған жеріміздің топырағы балшықты, шаңды болғандықтан, көлікті жиі жуып тұру қажет. Бұрын бұл үшін ауыл тұрғындары ғана емес, өзім де қалаға немесе көршілес ауылдарға барып жүретінмін. Сондықтан ауылдастарымды әуре-сарсаңға салмай, өз ауылымыздан көлік жуу орталығын ашуды жоспарладым. Ең бастысы тұрғындарға қолайлы әрі тиімді қызмет ұсынуды ойладым. Монша ашу туралы шешімім де осы мақсаттан туындады. Бұған дейін ауыл тұрғындары көбіне әркімнің жеке ауласындағы моншаға баратын. Ал кең, таза әрі жайлы моншалар көбінесе қалада орналасқан. Ауылдастарымызға осындай қолайлылықты өз ауылымыздан ұсынғым келді. Осылайша тұрғындардың сұранысын ескере отырып, екі бағытта да кәсібімді дамытуды қолға алдым. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы ісімді ілгерілетуге үлкен септігін тигізді. Бағдарлама арқылы қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, кәсібімнің жұмысын жандандыруға мүмкіндік алдым,-дейді Азамат Құрманғалиұлы.

 

 

Ауыл тұрғындарының сұранысын кәсіпке айналдырған тағы бір жан – Тұщықұдық ауылының кәсіпкері Жаннат Маратқызы. Ол 2020 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Алғашында ауыл орталығынан азық-түлік дүкенін ашып, тұрғындарды күнделікті қажетті тауарлармен қамтамасыз етуді қолға алған. Кейін отбасылық кәсіпті кеңейтіп, тойхана ашу туралы шешім қабылдаған. Бастапқыда бұл қадамға бару оңай болмағанымен, тәуекел мен табанды еңбектің арқасында олар ескі тойхананы сатып алып, жаңартып, 300 орындық тойхананың иесіне айналған. Бүгінде кәсіпкер отбасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп, ел ішіндегі қуанышты сәттердің сәнін келтіруге үлес қосып отыр.

 

 

– Алғашқы кәсібімізді азық-түлік дүкенінен бастадық. Кәсіпке келуіме жолдасымның ұсынысы түрткі болды. Ол әуелі қала мен ауыл арасында такси қызметін көрсетіп, кейін азық-түлік тасымалдаумен айналысты. Содан соң өз бизнес идеясын ұсынып, мен де қолдау білдірдім. Осылайша ауыл орталығынан «Ханшайым» атты азық-түлік дүкенін аштық. Аллаға шүкір, кәсібіміз алға басып, ауыл тұрғындарына сапалы азық-түлік ұсынып келеміз. Кейін жолдасым мұнымен тоқтап қалмай, тойхана ашуды ұсынғанда, шынымды айтсам, бойымды қорқыныш биледі. Дегенмен оған білдірмей, тәуекелге бел будық. Нәтижесінде ескі тойхананы сатып алып, жаңартып, 300 орындық тойхана аштық. Бұл жетістіктің артында жолдасым екеуміздің еңбегімізбен қатар, ата-анамыздың қолдауы мен ақ батасы тұр. Ал жаңадан ашылған мейрамханамыздың жұмысын жандандыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегіне жүгініп, тойханаға қажетті LED-экран, салқындатқыш және басқа да құрал-жабдықтарды сатып алдық. Менің ойымша, бұл бағдарлама кәсібін енді бастағандарға да, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге де өз ісін кеңейтіп, одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік береді,-дейді Жаннат Бисенова.

 

 

«Ауыл аманаты» бағдарламасының басты ерекшелігі – ауыл тұрғындарына тиімді шарттармен қаржыландыру ұсынып, кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылдан 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Қаражатты мал шаруашылығын дамытуға, кәсіп ауқымын кеңейтуге, қажетті құрал-жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға пайдалануға болады. Несие рәсімдеу кезінде кепіл ретінде жылжымайтын мүлік ұсынылады. Мамандардың мәліметінше, бағдарлама аясында облысқа 1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта аудан бойынша мақұлданған жобалардан бөлек, тағы 45 жоба әзірленіп, кәсіпкерлер құжаттарын облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тапсыруда. Бұл – ауыл тұрғындарының кәсіп бастауға деген қызығушылығы артып, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалануға ұмтылып отырғанының көрінісі.

 

 

Ауылда ашылған әрбір жаңа кәсіп – тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына, халықтың табысын арттыруға және жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына ықпал етеді. Аталған кәсіпкерлердің тәжірибесі ауылда да табысты іс жүргізуге болатынын аңғартады. Ең бастысы, туған жердің қажетіне жарап, ауылдастардың игілігі үшін еңбек етуге деген ниет пен нақты бастама болса, ауылдың да ажары кіріп, тіршілігі жандана түспек.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT