Ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие ұсынып, кәсіп бастауға немесе шаруашылықты кеңейтуге мүмкіндік беретін – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Осы бағытта аудан әкімдігінің мәжіліс залында аталған бағдарлама бойынша 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алу шарттарын түсіндіру және бағдарламаны жүзеге асыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Жиынға «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша мониторинг бөлімінің бас менеджері Мейрамбек Ибрагимов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Әнуарбек Сәбитов, аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ақжол Елубайұлы және ауылдық округтер әкімдері, сондай-ақ кәсіпкерлер мен шаруагерлер қатысты.

Кездесу барысында бағдарламаның негізгі талаптары мен несие алу тәртібі кеңінен түсіндірілді. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға ниетті тұрғындар үшін қарастырылған мүмкіндіктер, қаржыландыру бағыттары, құжат рәсімдеу талаптары және жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері сөз болды.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер мен шаруагерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Бұл ретте жеңілдетілген несие ауылдағы кәсіпкерлікті жандандырып қана қоймай, қолда бар шаруашылықты кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс көзін қалыптастыруға жол ашатыны айтылды.

Жиын Нұрберген Утегеновтің төрағалығымен жүргізілді.Алғы сөзді алған Мейрамбек Ибрагимов жеңілдетілген несие алу шарттарын түсіндіріп өтті.
- «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты мақсаты - ауылдық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Арзан ұзақ мерзімді ақша бөлу есебінен мемлекет ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) табысын арттыруға ұмтылады. Ең төменгі пайыздық мөлшерлеме жылдық 2.5% (ЖТСМ 2.7%-дан аспайды), бұл бизнеске арналған коммерциялық несиелер бойынша нарықтық мөлшерлемелерден 8-10 есе төмен. Жеңілдікті кезең негізгі борыш бойынша төлемдерді несиелендірудің барлық мерзімінің 1/3 бөлігіне дейін кейінге қалдыру мүмкіндігі. Кепілдіктерге қойылатын адал талаптар: кепіл ретінде ауылдық жердегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, сондай-ақ арнайы техника қабылданады. Кооперацияға назар аудару ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне (АӨК) бірігетіндер үшін ерекше, тиімдірек жағдайлар.Жеке кәсіпкер үшін 2500 АЕК –ке дейін (10 812 500теңге) болса, ал кооперативтер үшін берілетін сома 8000 АЕК –ке дейін (34 600 000тг).Жалпы мақсаттарға арналған мерзім 5 жылға дейін (60ай), мал шаруашылығына арналған мерзім 7 жылға дейін (84ай)беріледі,-деді ол сөзінде.

Жиынға қатысушы аудан тұрғындары арасында кәсіпкерліктен ғөрі ауыл шаруашылығын дамытуға деген сұраныстың басымдығы байқалады. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруагерлер өз қожалықтарын кеңейтіп, мал басын көбейту, қажетті техника мен құрыл-жабдық алу үшін қаржылай қолдауға мүдделі.Бұл мәселе бүгінгі сала мамандары, шаруагерлер мен кәсіпкерлер бас қосқан кездесуде де анық аңғарылды. Кездесу соңында тұрғындар өздерінің жеке сұрақтарымен сала мамандарына жолығып, кеңес алды.

Сағыныш ҚАЙЫР



