Астанада білім алып жүрген студент жазғы демалысын туған ауылы – Хамит Ерғалиев ауылында өткізуде. Демалыс уақытын бос өткізбей, ол ата-анасының отбасылық дүкеніндегі күнделікті жұмысқа араласып, ауыл тіршілігінің бір бөлшегіне айналған.
Студент әлеуметтік желіде дүкендегі бір күндік өмірін бейнелейтін бейнеролик жариялады. Онда таңғы қарбаластан бастап сауда орнын ретке келтіру, келушілерге қызмет көрсету, жаңа тауар қабылдау, отбасы мүшелерімен бірге түскі ас ішу және кешкілік дүкенді жабуға дейінгі күнделікті еңбек көрініс тапқан.
Қарапайым ауыл өмірін еш боямасыз көрсеткен видео аз уақыттың ішінде көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бейнеролик 240 мыңға жуық қаралым жинап, 18 мыңнан астам лайкқа ие болды.
Бейнеролик авторы – 2007 жылы дүниеге келген Мнаура Жасұланқызы. Ол 2024 жылы Новобогат орта мектебін тәмамдап, мемлекеттік грант негізінде Астана халықаралық университетінің «Екі шет тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығына оқуға түскен. Үлкен әулетте тәрбиеленген студент төрт бауырдың үшіншісі.
Бейнероликтің астында пікір қалдырған Мнаураның әпкесі Кенжегүл Аленғалиева отбасылық дүкеннің тарихымен бөлісті.
– Бұл дүкен 2008 жылы ашылды. Сол кезде мен 10-сыныпта оқитынмын. 2010 жылы бірінші курсты аяқтаған соң сырттай бөлімге ауысып, осы дүкенде бес жыл жұмыс істедім. Кейін дүкен жеңгеме аманатталды. Қазір ағам мен жеңгемнің қызы отбасылық кәсіпті жалғастырып келеді. Кішкентай, жинақы, ескі болғанымен, бұл дүкен – тұтас бір әулеттің талай естелігін сақтап тұрған қасиетті орын. Бір үлкен шаңырақтың нәпақасы осы жерден табылып отыр. Кейде жиһазын жаңартсақ па деп ойлаймыз. Бірақ төркінге келген сайын бәрінің 15 жыл бұрынғы қалпында тұрғанын көріп, өткен күндер еріксіз еске түседі. Жұмыртқа қоятын сөре де, печенье тұратын орын да өзгермеген,-деп жазды Кенжегүл Аленғалиева.
Желі қолданушылары жарияланымның табиғилығына ерекше тоқталып, оның ауыл өміріне тән тыныштық пен жылылықты шынайы жеткізгенін жазуда. Көпшілік үшін бұл бейнеролик туған ауылдағы жазғы демалысты, дүкен маңындағы бала күнгі естеліктерді және отбасы ортасындағы қарапайым бақытты қайта сезіндірген.


