«Ауыл – ел бесігі»: Нарын ауылында мәдениет үйі бой көтеруде

 

Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Нарын ауылында 300 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту. Осы бастама аясында елді мекендерде мәдени, спорттық және әлеуметтік нысандар салынып, халыққа қолайлы жағдай жасалуда.

 

 

Нарын ауылындағы мәдениет үйі де – осы игі бастаманың нақты нәтижелерінің бірі.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында басталғанымен, 2024 жылдың шілде айында облыстық бюджеттік комиссия шешіміне сәйкес жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты уақытша тоқтатылған болатын. Кейін жобаға түзетулер енгізіліп, 2025 жылғы 4 шілдеде мемлекеттік сараптамадан қайта өтті. Сонымен қатар, 2025 жылдың қараша айында қосымша өзгерістермен тағы да сараптамадан өткізілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары қайта жанданып, қарқынды жүргізілуде.

 

 

Қазіргі таңда нысанның іргетасы толық құйылып, бірінші және екінші қабаттардың қабырғаларын көтеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, төбе жабындысын жабу жұмыстары қатар атқарылуда. Нысан аумағы толық қоршалып, электр және су желілеріне қосылған.

Жобаның тапсырыс берушісі – Исатай аудандық құрылыс бөлімі. Мердігер мекеме – «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС. Авторлық қадағалауды «Жайықстроймонтаж» ЖК, ал техникалық қадағалауды «RoyalCompany» жүзеге асыруда. Жобаның жүзеге асу мерзімі – 15 ай.

 

 

Жоспар бойынша мәдениет үйінің құрылысы 2027 жылдың ақпан айында аяқталады.

Аталған нысан пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады. Атап айтқанда, мәдени іс-шаралар, концерттер, театр қойылымдары, түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы секциялар ұйымдастыруға жол ашылады. Сонымен қатар, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың өнер мен мәдениетке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

 

 

Осылайша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани өмірін жандандырып, елді мекеннің әлеуметтік дамуына серпін бермек.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT